Ырысы тасып, ынтымағы ұйыған мекен | arainews.kz

Ырысы тасып, ынтымағы ұйыған мекен

379

Рахматілдә РАХМАНБЕРДИЕВ, Байзақ ауданының әкімі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын кезекті Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын барынша жақсартуды көздейтін ауқымды міндеттер қамтылған. Жолдау барша отандастарымыз күткендей ел өмірінің барлық саласына қозғау салатын бастамаларға толы болды. Онда мемлекеттік биліктің барлық тармақтарындағы атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы Жолдауы ел дамуының жаңа сипатын айқындамақ.
Байзақ ауданында Елбасы Жолдауы жүктеген жаңа міндеттер аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік.

КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС

Аймақ экономикасының негізі – кәсіпкерлік саласы да ерекше қарқынмен дамуға бет алған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 7 ауқымды жоба жүзеге асырылады. Тек 2018-2019 жылдардың өзінде «СПК Вита Фрукт Тараз» компаниясы жалпы құны 750 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асыруға ниетті. Сол секілді, Жаңатұрмыс ауылдық округінде жеке кәсіпкер «Жабатаева Л.» құны 430 миллион теңге болатын көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысын жүргізуде.
Сондай-ақ, инвесторлар Еуропалық даму банкімен жалпы құны 6 миллион АҚШ долларын құрайтын қуаттылығы 5 МВт болатын күн фотоэлектрлік электр станциясы құрылысының жобасы дайындалуда. Жалпы, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

АГРОСЕКТОР АЛҒА ҚАДАМ БАСАДЫ

Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі қомақты. Аймақ диқандары биыл 53406,5 гектар алқапқа дақыл түрлерін орналастырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1683,2 гектарға артық. Егін шаруашылығында басымдық қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, арпа және мал азықтық дақылдарына берілді.
Мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге де көңіл толады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ет өндіру көлемін 140,4 пайызға, сүт өндіруді 172,4 пайызға арттырған. Аймақ шаруаларының агросекторды мемлекеттік қолдауға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 50 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар берген мүмкіндік аясында 3 кооператив сүт таситын автокөлікке, 5 кооператив сүт сақтайтын танкерге қол жеткізді.
Салаға қолдаудың басым бағыттары ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға сеп болуда. Жыл басынан бергі 9 айда байзақтық диқандар 523,3 миллион теңге субсидия алған. Нәтижесінде жыл басынан 170 тонна ет экспортталды. Мұнан бөлек, «Рола-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 367,5 тонна макарон өнімін, «Ақ ниет» шаруа қожалығы 5 тонна шұжықты шетелге жөнелтті. Алдағы уақытта ауданнан экспортқа жол тартатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сиыр мен қой еті де толықтыратын болады.
Елбасы Жолдауында агросекторды дамытудың мүмкіндігі ретінде салаға білікті шетелдік мамандардың тәжірибесін, заманауи технологияларды пайдалану қажеттігі айтылды. Аудан шаруалары өз кәсіптерінде озық технологияны белсенді пайдаланып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде 1240 гектар алқапқа тамшылатып суғару технологиясы енгізілді. Бұл жүйені пайдалануда аймақтағы «Манат», «Талап» сынды ірі шаруа қожалықтары украиналық «AIK» компаниясымен әріптестік байланыс орнатқан. Сол сияқты 150 гектар алқапқа қарқынды алма бағы отырғызылды. Жыл басынан «Вита Фрукт Тараз» кооперативі де 50 гектарға алмабақ отырғызуды бастады.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

Аймақта нарық сұранысына сай 190 адам қысқа мерзімді оқытуға жолданды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған азаматтардың 45,3 пайызы жұмысқа орналастырылды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 910 учаскелік медицина қызметкері жұмыс істеуде. Жолдауда айтылған республика аумағындағы денсаулық сақтау нысандары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізу міндеті де аймақта өз деңгейінде орындалуда. Аудандағы 45 емдеу мекемесі медициналық құжаттарды цифрлық нұсқаға көшіріп, электрондық денсаулық паспортын енгізу жұмыстары 70 пайызға орындалды.
Елді мекен тұрғындарын медициналық мекемелермен қамтуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәжірибесі кәдеге жарауда. Мәселен, Мәдімәр, Сарыбарақ, Аймантөбе, Тегістік, Жаңатұрмыс, Жібек жолы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер дәл осы тәжірибе негізінде салынды. Келер жылы дәл осы қарқынмен Ботамойнақ, Жаңасаз, Бағара, Ақшолақ, Жеңіс, Үшбұлақ ауылдарында медициналық пунктер соғу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 250 адамға арналған жаңа аудандық емхана құрылысына 1,2 гектар жер телімі берілді.
Сол секілді, аймақтағы бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту шараларының аяқ алысы жаман емес. Аудан тұрғындары елді мекендердегі 1 стадион, 49 спорт залы, 36 футбол алаңы, 11 спорт алаңшасын еш кедергісіз пайдалана алады. Соның есебінен аудан тұрғындарының 29,2 пайызы спортқа ден қойды. 2019-2021 жылдары ауданда қосымша 3 спорт нысаны бой көтереді.
Елбасы өз Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Дәл осы тапсырманың нәтижесінде Байзақ ауданында 3760 адамның жалақысы көтерілмек. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде 19236 адамның санаттарын белгілеу жұмыстары жалғасын табуда. Бұл жұмыстар ауылдық округ әкімдері және мемлекеттік кірістер басқармасы, еңбек инспекциясы секілді мекемелердің араласуымен ерекше қарқын алған.
Аймақта мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу арқылы 217 мемлекеттік қызметшінің жалақысын өсіру жоспарлануда. Бұл меже штаттарды оңтайландыру, әкімшілік шығындарды азайту арқылы іске асырылмақ. Әйтсе де, оңтайландырудан кейін де мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жергілікті биліктің жіті назарында болады. Жалпы, ауданда мемлекеттік қызметтің 122 түрі көрсетіледі. Жыл басынан бергі 9 айда жергілікті билік органдарымен 88063 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
2013 жылдан бері аудандағы 68 мекеме мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналып бейімделуден өтті.
Ағымдағы жылдың 9 айында жалпы қылмыс деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға азайған. Есесіне, пәтер ұрлығы 40 оқиғадан 45 оқиғаға артып, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны да 20 пайызға өскен.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚУАНТАДЫ

Ауданда тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімін алуға 5300 азамат кезекте тұр. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қостөбе ауылдық округінде 20 гектар, Жетібай ауылында 10 гектар, Мырзатай ауылында 15 гектар алқаптарға инфрақұрылым тартылуда. Халық саны жыл санап қарқынды өсіп келе жатқан Сарыкемер, Бәйтерек, Үлгілі, Бурыл, Ботамойнақ ауылдық округтерінің аумағына 710 гектар жерге инфрақұрылым тарту жоспарда бар. Сондай-ақ, 2021 жылға дейін Жер кодексін басшылыққа алып, аталмыш ауылдық округтерде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге қажетті жер телімдері шаруа қожалықтарының иелігіндегі пайдаланусыз жерлерді қайтару есебінен ұлғайтылмақ.
Ағымдағы жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне, жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге 389,4 миллион теңге бөлінді. Сол қаражат есебінен аудандық мәндегі 4 автомобиль жолына, 9 көше мен 2 жаяу соқпаққа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде аудандағы 43 елді мекеннің 19-ы ауыз сумен қамтылған. Жақын арада Кеңес ауылында ауыз су жүйесі іске қосылады. Мұнан бөлек, таза ауыз сумен қамту мақсатында 12 ауылдың жер асты су қоры анықталу үстінде.

ЖАСТАРДЫ ДЕМЕУДІҢ ЖАҢАША СИПАТЫ

Мемлекет басшысының келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауға ұсыныс беруі республикадағы мемлекеттік жастар саясатына тың серпін бергені аян. Қазіргі таңда ауданда 25 365 жас бар. Бұл аудан халқының 24,1 пайызын құрайды.
Өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп, NEET санатындағы жастардың үлесі былтырғыдан 8 пайызға кеміді. Қаңтар-қыркүйек айларында 441 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Аудан бойынша «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасына 73 жоба ұсынылған, оның ішінде 34 жоба жеңімпаз атанған.

Биыл Қоқан шапқыншылығына қарсы күрестің қаһарманы, өз заманының белді тұлғасы Байзақ датқа Мәмбетұлының атымен аталатын ауданның құрылғанына 80 жыл толып отыр. Кеңес үкіметінің кезінде де, кейіннен тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына Байзақ ауданы қомақты үлес қосып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі саласындағы байзақтықтардың еңбегі орасан.
Ел дамуының жаңаша сипатын айқындаған Елбасы Жолдауында артылған сенімнің үдесінен шығуда аудан тұрғындары тынымсыз еңбек ете береді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.