Өңір экономикасын өрге сүйреудің бірден бір жолы инвестициялық жобаларға қолдау білдіру екені белгілі. Бұл орайда басымдықтың жағымды инвестициялық климат қалыптасқан өңірге капитал салуға ниетті кәсіпкерлердің қызметін жүргізудегі мәселелерді шешуге берілуі заңдылық. Кәсіпкерлік саласындағы түйткілдердің түйінін тарту жайы облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтің төрағалық етуімен инвесторлар тарту және инвестициялық аxуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңестің алғашқы отырысында талқыланды.
Кеңестің күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев өңірде 13 инвестициялық жобаны іске асыруда түрлі мәселелер орын алғанын жеткізді. Тіпті, кей аудан әкімдері аймаққа қаржы құйып, ондағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ниетті инвесторларға жер бөлуге атүсті қарауда.
–Облыста 2018-2020 жылдар аралығында 61 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Алайда, олардың жұмысын жүйелі үйлестіруде бірқатар мәселелер мәселелер бар. Мәселен, 4 инвестициялық жобаның жұмысына коммуналдық қызмет бағасының жоғары болуы кедергі келтіріп отыр. Бұл жобалардан түсетін табыстың 30 пайызы жергілікті бюджетке бағытталған. Инвесторлардың қалауын дәл осы қаражат арқылы орындау механизмін қарастыруға болады,– деді Дамир Егізбайұлы. Орталық басшысы өз сөзінде инвесторларға қажетті жерлерді ұсынудың қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Өйткені, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасымен жасалынған бос жерлердің интерактивті картасындағы көптеген ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес. Осы орайда, өңір басшысы жауапты тұлғаларға интерактивті карта жасаудағы өзге облыстардың тәжірибесін зерделеу мен инвесторға қажетті жер ұсынуда аудан әкімі мен жер қатынастары бөлімі басшысының міндеттерін айқындауды тапсырды.
Мәселен, «Қазына Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Байзақ ауданында тауарлы сүт фермасының жұмысын жандандыруға 1800 гектар жерді қажет етеді. Аудан әкімдігі аймақ экономикасына 2,8 миллиард теңге қаржы құюға ниетті инвестордың өтінішін аяқсыз қалдырып келеді. Кәсіпкер өзіне қажетті жерді Меркі, Шу аудандары аумағынан сұратқанымен аталған аймақ басшылары да инсвестициялық жобаларды тарту мүмкіндігін тиімді пайдалануда ілкімділік таныта алмаған.
Оның себебін облыс әкіміне селекторлық режимде байланысқа шыққан Мейірхан Өмірбаев кәсіпкердің суармалы егіс алқабына сұраныс бергенімен байланыстырды. Дегенмен, Асқар Исабекұлы аудан әкімдеріне аймақтағы инвестиция тарту ісін бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді.
Жиын кезінде Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығына қомақты инвестиция тартып, қоқысты қайта өңдеу зауытының құрылысын бастауға ниетті инвестор «EkoJer» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішінің қанағаттандырылғанын жеткізді. Серіктестік өз қызметін үйлестіруге қажетті 20 гектар жерді сенімгерлік басқаруға алмақ.
Өңірге мол инвестиция тартуға ниетті инвесторлардың тауы шағылатын тағы бір тұсы еркін экономикалық аймақтағы коммуналдық қызмет бағасының қымбаттығында болып отыр. Алайда, «Тараз» ХимПарк» еркін экономикалық аймағы» басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Досан Анасов экономикалық аймақ инвесторларға республикадағы ең төмен бағаны ұсынып отырғанын айтады. Сол секілді, кеңес мүшелерінің назарына субсидиялау мен несиелендіру бойынша жеңілдіктерге зәру жобалардың да мәселелері таныстырылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі инвесторлар тарту және инвестициялық аxуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңестің төрағасы ретінде кеңес отырысын ай сайын ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ кеңестің келер жылға нақты жоспарын түзіп, күн тәртібіне кәсіпкерлік саласында өткір мәселелерді қойып, талқылау қажеттігіне назар аударды. Сонымен бірге, ай сайын бас қосатын кеңес мүшелері ең әуелі инвестициялық жобаларды облыс халқының сұранысына сай зерделеумен айналысуды мақсат етеді.