Тату елдің түтіні түзу | arainews.kz

Тату елдің түтіні түзу

222

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», – деген болатын. Елбасымыздың осындай сара саясатының арқасында ежелден бейбітсүйгіштікке бейім қазақ халқы жаңа дәуірде де тек тыныштықты қалайтын ел ретінде танылды.

Әсілінде, ел ішіндегі саяси тұрақтылықтың нығая түсуіне Ата Заңымыздың кепіл болып отырғаны ақиқат. Соның нәтижесінде рухани келісімнің де көкжиегі кеңейе түсуде. Бұған Жамбыл ауданындағы Полатқосшы ауылдық округіне қарасты Жалпақтөбе ауылына жолымыз түскенде тағы бір мәрте көз жеткізе түскендей болдық.
Бүгінде мұнда 17 этностың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ауыл тұрғындары негізінен егіншілікке бейімделген. Ерте көктемде ылғал кеппей жатып қара жерге дән тастап, содан қоңыр күзге дейін бір тыным таппайтын жалпақтөбеліктер сол бір тоқырау жылдарында да сыр берген жоқ. Есесіне ауыл айтарлықтай ажарланып, жұртшылықтың әл-ауқаты жыл өткен сайын арта түсті. Ауылдық округ әкімі Ержан Данаев жергілікті жұртшылықтың көкөніс, бау-бақша дақылдарын өсіріп қана қоймай, сауда-саттық және түрлі кәсіппен айналысатынын да әңгімеге арқау етті.

Бүгінде ауылдық округте 98 шаруа қожалық пен «Юнчи» өндірістік кооперативі өз жұмысын жүргізіп отыр. Шағын және орта бизнес те қарқын ала бастаған. Кәсіпкер Саид Берсанукаевтың басшылығымен осыдан бірер жыл бұрын ашылған «Достар» халал шұжық цехы облысқа белгілі. Цехтың жылдық ішкі нарыққа шығарған өнімі 64 миллион теңгені құрайды. Алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталған өнім 19 миллион теңгеге бағаланып отыр. Сыйымдылығы 10 000 тоннаға жуық көкөніс сақтайтын қойманың да көмегі көп. Мұнда сонымен қатар бірнеше дүкен, шаштараз, дәріхана, мейрамхана, шайхана, наубайхана, нотариус кеңсесі және жем мен ұн сататын сауда орындары, техника жөндеу орталығы, жанар-жағармай құю станциясы ауыл тұрғындарының ғана емес, жол бойындағы өткен-кеткеннің де қажетіне жарап тұр. Тірлігіміздің тіктеліп, табысымыздың артуы – ауыл тұрғындарының өзара түсіністік негізінде күн кешуінің арқасы, – дейді Ержан Әлімжанұлы.

Жалпы, тағдыр талайымен елімізге сан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударғанда осынау кең байтақ даламыз кімге пана болмады. Бір кездері бастарына күн туғанда өздеріне құшақ ашып, бауырмалдық танытқан қазақтың жақсылығын дүнген халқы да жақсы түсінеді. Аталған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдухалил Маюфидің айтуынша, ХІХ ғасырдың соңына таман, яғни, 1878 жылы шапқыншылыққа ұшыраған дүнгендер Қытайдан Тянь-Шань арқылы асып келіп, Қырғызстан мен облысымыздың Қордай ауданына қоныс тепкен. Памир таулары арқылы ауып келген 66 түтінге Ташкенттің дуанбасысы Әулиеата қаласына қоныстануға рұқсат берген көрінеді.
–Тарихи деректерге сүйенсек, нәубетті жылдарда 40 шақты үй болатын дүнген этносының өкілдері осы Жалпақтөбе ауылына тұрақтаған. Аталарымыздың айтуы бойынша, тағы бір мағлұмат Қытай императоры Циннің қысымынан кейін Ме Дажове басқарған дүнген ұлтының өкілдері 1878 жылы Ферғана жазығы арқылы осында өтіп, соның ішінен 20-25 отбасы қазіргі мекенге табан тіреді дегенге саяды. Не десек те, әйтеуір сол кезден бері арада 140 жыл уақыт өтіпті. Жалпақтөбе өңірі бүгінде ол кездегіден адам танымастай өзгергені ақиқат. Мұндағы дүнген ұлтының саны да еселеп өсіп келеді. Бұл мемлекетіміздің әр ұлттың өсіп-өнуіне, бақытты да, берекелі күн кешуіне барынша жағдай жасай алуының арқасы. Тегінде, кез келген ел, кез келген ұлт бейбітшілікте өмір сүруді қалайды. Өз ұрпағының өсіп-өнуін аңсайды. Нақ осы тұрғыда қазақ елінде ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Сондықтан, бір мүддені көздеген барша қазақстандықтардың жалғыз мақсаты – берекелі бірлігімізді бағалау. Біз осыны үнемі естен шығармауымыз қажет. Ол үшін сыйластықты, мейірімділікті, өзің күн кешіп отырған Отаныңның амандығын тілеуді, көздің қарашығындай қорғауды әркім өз отбасында насихаттап отыруы керек. Сонда ғана Қазақстанның бағы өзгелерден басым болады. Біздің ауылдық округте бүгінде облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы мен «Гуонлен» жастар қоғамдық ұйымы жұмыс істеуде. Олардың негізгі жұмысы – елдегі татулық пен достықты нығайту. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар жетерлік, – дейді ол.
Облысымызда «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы 1995 жылы құрылыпты. Ұйымның осы ауылдағы белсенді мүшелері Руслан Исмазов пен Ажидар Камалов орталықтың этносаралық, ұлтаралық, дінаралық қатынастар мен жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуда ауқымды шаралар атқарумен айналысып отырғанын айтады.
– Полатқосшы ауылдық округінде қоғамдық келісім кеңесі құрылған. Сондай-ақ, мәдени орталық жанынан жастар қанаты жұмыс істеуде. Орталық мемлекеттік мерекелерге байланысты түрлі жарыстар, конкурстар, қайырымдылық акцияларын тұрақты ұйымдастырып тұрады. Негізгі бағытымыз – ел ішіндегі береке-бірлікті сақтау. Біз дініміз ислам болғандықтан, қазақ халқымен ертеден қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып жатырмыз. Жалпылама айтқанда, жер ауып келген бізді жергілікті халықтың өзекке теппей, бауырына баса білуінің арқасында ат төбеліндей дүнгендер бір қауым елге айналды. Барлық ұлттың да солай жетілгеніне сенімдімін. Менің айтпағым, ынтымақ, бірлік деген ұғым бүгін ғана пайда болған жоқ. Тарихқа үңілсек, татулықтың тамыры тым тереңде жатыр, – дейді Руслан Бакирұлы.
Бүгінде округтегі Валерий Чкалов атындағы орта мектепте 1 249 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, «Болашақ» бөбекжайы мен мемлекеттік «Балдәурен», жекеменшік «Сұлтан» балабақшалары тілдерінен бал тамған барлық баланы мектеп жасына дейінгі тәрбие-біліммен 100 пайыз қамтып отыр екен. «Тұрғани» мешіті мен 9 намазхана дәстүрлі дінімізді насихаттауды кең жолға қойып, жастарды жат ағымдардан сақтандырып келеді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда «БМ» спорт кешені мен орта мектеп спорт алаңдарының қолжетімді болып тұрғаны да қуантты.
Жалпақтөбе ауылына жасаған жарты күндік сапарымызда осындай оңды істерді байқадық. Ең бастысы, елдің еңбекке деген құлшынысы, ертеңге деген сенімі мол.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.