Өрт гидранттарына қашан көңіл бөлеміз? | arainews.kz

Өрт гидранттарына қашан көңіл бөлеміз?

500

«Өрт – тілсіз жау». От жалынның қай уақытта, қай тұстан «лап» ете қалатынын болжап білу мүмкін емес. Сол себептен де өртке қарсы сақтық шаралары қандай жағдайда болсын тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Жалынмен арпалыста құтқарушылардың кәсібилігі мен техникаларының әзірлігінен бөлек, өрт гидранттарының ақаусыз қызмет көрсетуі де маңызға ие.
Күнделікті өмірде көбіміз көзге іле бермейтін өрт гидранттары – тілсіз жаумен күресте құтқарушыларды судың мол қорымен қамтамасыз ете алатын құрылым. Алайда, Тараз қаласында соңғы кездері өрт гидранттарының қалтқысыз қызметін ұйымдастыру төңірегіндегі мәселелер ушыға түскендей.

Облыс орталығының өрт қауіп­сіз­дігіндегі маңызды жүйенің сын көтермейтіні өткен жылдың қазан-қараша айларында «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бірлесе жүргізген тексеруден соң белгілі болды. Жұмысшы топтың тексерісінен кейін Тараз қаласындағы су құбырларында орналасқан 2 058 дана өрт гидрантының 381-інің істен шыққаны анықталды. Тіпті, көне шаһардағы Д.Бедный, Тектұрмас, М.Тынышбаев және Л.Толстой көшелеріндегі өрт гидранттары асфальт жабындысына көміліп кеткен. Демек, тілсіз жау қаланың дәл осы бөлігінен бой көрсетсе, оны ауыздықтау оңайға түспейді. Аталмыш тексерудің қорытындылары белгілі болған соң «Тараз су» мемлекеттік кәсіпорны іле-шала қала әкімдігі мен оның жауапты бөлімдеріне, прокуратура органдарына қалыптасқан жайтты баяндап хат жолдаған.
– Бұл мәселені біздің кәсіпорын 3-4 жылдан бері көтеріп келеді.
Шынында өрт гидранттарының қызметін қамтамасыз етуде мәселе көп. Жалпы, өрт гидранттарына техникалық қызмет көрсетумен біздің мекеменің мамандары айналысады. Дегенмен, Тараз қаласындағы су жүйелерінде орналасқан 2 058 өрт гидранты ешкімнің балансында емес. Ал, жыл сайын 2 058 гидранттың қызметін ұйымдастыру үшін қажетті 81,4 миллион теңге «Тараз су» кәсіпорнының есебінен жұмсалуда. Өрт гидранттарын ұстап тұруға кететін шығындар Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаментімен бекітілген тарифтік сметада қарастырылмаған.
Өткен жылы тексерістен кейін тиісті орындарды ескерту арқылы 256 дана өрт гидранты сатып алынды. Бірақ, қала бюджетінен бұл құрылғыларды орнатуға, оларға техникалық қызмет көрсетуге қаражат бөлінбеген.
Биылғы тамыз айының басында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековке жолдаған хаты­мыз­дан кейін қоз­ға­лыс бай­қала­ды. Тараз қаласы әкім­дігінің тұр­ғын жай-ком­му­налдық шаруашылығы, жолаушылар көлі­гі және авто­мо­­биль жол­дары бөлімінен жол­дан­­ған жауап хатта техникалық жағдайы сын көтермейтін қосымша 125 өрт гидрантын сатып алуға бюджеттік өтінім берілгенді айтылыпты. Сондай-ақ, 256 өрт гидрантын орнату, эксплуатациялық қызмет көрсетуге кететін шығындарының есептеулерін де қоса ұсыну қажеттігін хабарлаған. Біз тиісті жұмыстарды ұйымдастыруға кететін шығындарды 1,6 миллион теңгеге бағалап, жауапты бөлімге сметалық есепті ұсындық, –дейді «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Әжмұқан Бөлтіріков.
Қаладағы су, кәріз жүйелерінің қызметін ұйымдастыруға жауапты кәсіпорын басшылығының негіз­гі міндеттерінен бөлек өрт қауіп­сіздігіне алаңдаушылық білдіруі бекер емес. Жыл басында Ресей Федерациясының Кемерово облысында орын алған қайғылы оқиғаны көпшілік ұмыта қойған жоқ. Сауда орталығын шарпыған өрттен 64 адам ажал құшты. Кейіннен аталмыш жайт­қа кінәлі деп таныл­ған Сергей Артюшин­нің оқыс оқиғаның себебін өрт гидрант­тарын­дағы ақаумен түсіндіргені бар.
Яғни, өрт гид­рант­тары ең әуелі қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажет. Үлкен аумақты шарпыған жалынға қарсы күресте құтқарушылар қалалық су жүйелеріне орнатылған гидранттардың көмегіне жиі жүгінеді. Әйтсе де, одан алынған су шығындарын өтеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ал, 2016 жылы «Қазақстан Су Арнасы» сумен жабдықтау және су тарту кәсіпорындары қауымдастығының өртке қарсы қызметке қажетті су шығындарын өтеу мәселесіне қатысты жолдаған хатында Ұлттық экономика министр­лігі тілсіз жаумен күреске жұмсалған судың ақысы жергілікті бюджет есебінен жүзеге асатындығын нақтылап берген. Министрлік бұл шығындарды сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін ұйымдастыру бюджеттік бағдарламасы арқылы өтеуге болатынын да атап өткен. Демек, ақауы бар өрт гидранттарына ептеп көңіл бөле бастаған қала билігі алдағы уақытта оларды күтіп ұстауға қаражат бөлу жайын ойластыруы керек.
Реті келгенде өрт гидранттары мәселесінен бөлек қалалық су, кәріз жүйелеріндегі шойын қақпақтарды ұрлау фактілерінің де көптеп тіркелуі күрмеуі қиын түйткілге айналғанын атап өту керек. Қазіргі таңда Тараз қаласында 15 489 құдық бар. Тек биылғы мамыр-шілде айларының өзінде облыс орталығында құдықтарға бекітілген 76 дана шойын қақпақ қолды болған. Су, кәріз жүйелерінің қызметін тоқтаусыз ұйымдастыруға кедергі келтіретін жайтқа алаңдаушылық білдіріп жүрген «Тараз су» кәсіпорны қала әкімдігі мен оның тиісті бөлімдеріне жолданған хаттарға лайықты жауап берілмегенін айтады. Тіпті, құқық қорғау органдары да шойын қақпақты қолды ететіндердің әрекетіне көз жұма қарауда.
Қалай десек те, қала тұрғын­да­рының қауіпсіздігі үшін жергілікті билік өрт гидранттары мен шойын қақпақтарын ұрлау мәселесіне жауапкершілік танытқаны жөн. Әрі облыс орталығында ірі сауда орындары қызметінен бастап, кәсіпкерлік нысандардың құрылысы кеңінен қанат жайған шақта мүдделі мекемелер өрт қауіпсіздігіне мұқият көңіл бөлмесе болмайды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.