«Құрылыс жұмыстары ең алдымен есеп-қисаптан басталады» | arainews.kz

«Құрылыс жұмыстары ең алдымен есеп-қисаптан басталады»

886

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тамыз айының екiншi жексенбiсi «Құрылысшылар күнi» деп жарияланған болатын. Бұл құрыш білекті құрылысшыларға көрсетілген құрметтің белгісі. Расында да, ел экономикасының қарыштап дамуы жолында бұл салада қызмет етіп келе жатқан мамандардың орны ерекше. Осы орайда, біз кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевпен сұхбаттасқан едік.

– Әділет Бегалыұлы, ең әуелі өзіңізді және барша әріптестеріңізді «ARAI»-дың қалың оқырмандары атынан мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Құрылыс саласының соңғы жылдардағы жетістіктері, бүгінгі қадамы және болашақтағы бағытын айта кетсеңіз?
– Үлкен рақмет. Құрылыс саласының жетістіктері басқа салалардағыдай емес, бірден көзге көрініп тұрады. Өйткені, әр салынған нысан ел үшін қызмет етеді. Сала қазір жан-жақты дамып келе жатыр. Соңғы жылдары облыс орталығынан «Астана», «Бәйтерек» ықшам аудандары бой көтерді. «Арай-2» алқабында жоспарланған 19 көппәтерлі тұрғын үйдің 17-сі ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, облыстық перинаталдық орталық секілді нысан Кеңес үкіметінен бері өңірде салынбаған екен. Заманауи жабдықталған 200 төсекті аталмыш ғимарат та халықтың игілігіне жарап, қала келбетін арттырды. Сол сияқты «Тараз-Арена» спорт сарайы да мақтанышымызға, халықаралық жарыстардың алаңына айналды. Онда қазір түрлі турнирлер, ел чемпионаттары өтуде. Сондай-ақ, жылда білім саласының нысандары жаңарып келеді. Биылдың өзінде 20 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оған 4,3 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның 9 нысаны биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Бұл қатарда «Бәйтерек» ықшамауданындағы 1 200 орындық және Шөлдала алқабындағы 900 орындық мектептердің құрылысы бар. Тараз қаласындағы №24 гимназияға 300 орындық қосымша ғимарат салынды. Байзақ ауданының Байзақ ауылында 300 орындық мектеп беріледі деп жоспарланған. Осы жұмыстардың барлығын қыркүйектен кешіктірмеуге жұмыс жасаудамыз. Спорт саласында да биыл 7 нысанның, нақты айтқанда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы өз деңгейінде жүріп жатыр. Мұндай мысалдарды әр сала бойынша көптеп келтіре беруге болады. Атқаратын шаруа әлі де көп. Биылдың өзінде салаға 29 миллиард теңге бөлініп, 107 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл мемлекетіміздің экономикалық тұрғыда дамуының оң нәтижесі. Сол 29 миллиард теңгенің алты айда 15 миллиард теңгесі игеріліп, жұмыс өз деңгейінде атқарылуда.
– Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен қолға алынған құрылыс нысандарын оңтайландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бағаның арзандауы сапаға кері әсерін тигізбей ме? Мердігерлер қалай қабылдауда?
– Әрине, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен салада саралау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – құрылыс нысандарын оңтайландыру. Яғни, құрылыс нысандарының құнын арзандатып жатырмыз. Бірақ, бұл бір кірпіштің құны сметалық құжатта 50 теңге деп жазылса, оны 25 теңгеге аламыз деген сөз емес. Оңтайландыру нысанның жалпы көлеміне ғана әсер етеді. Бұрын құрылыс нормаларына сәйкес 100 орындық мектептің көлемі 2 мың шаршы метр болса, қазір ең төменгі нормативпен ол 1 жарым мың шаршы метрді құрап отыр. Сондықтан, біз нысанның бөлмелерін ықшамдап, көлемінен қысқарттық. Көлемі шағын болғандықтан, оның бағасы да төмендеу болады. Оңтайландыру бойынша құрылыс салынатын жерден бастап, барлығына мән берілуде. Дұрыс жерді таңдаудың өзі бағаға әсер етеді. Мәселен, ол жер сайда немесе қиғаш орналасса, оны тегістеу үшін тағы қосымша қаражат жұмсалады. Сол себепті, істің бүге-шігесіне дейін жіті көңіл бөлініп, оңтайландырылуда. Ол жұмыстың, материалдың сапасына еш әсер етпейді. Соның есебінен денсаулық сақтау саласында бізде 82 дәрігерлік амбулатория, бірінші кезекте қызмет көрсету орталықтары қажет болса, жекеменшік әріптестік аясында биылға соның 30-ын салып жатырмыз. Екі жылда медицина саласындағы осы мәселені шешу жөнінде облыс әкімі тапсырма берді. Бұған қоса, бұрынғы жобалардың да барлығын оңтайландырудамыз. Осылайша, 1 мектептің орнына 2 мектеп салуға болатыны, істің тиімділігі мен үнемділігі айшықталуда.
– Тараз қаласында пайда болған жаңа ықшамаудандарда келешекте қазіргіден де биік көпқабатты тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар салу қарастырылған ба?
– Әрине, 9, 12, 16 қабатты үйлер қарастырыл­ған. Бірақ, олар коммерциялық жеке тұрғын үй болып есептеледі. Бюджет арқылы салған нысандарға қаражат шектеулі. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынатын нысанның 1 шаршы метрінің құны 140 мың теңгеден аспауы қажет. Ал, биік ғимараттардың құны қымбат болады. Себебі, 5 қабаттан асқаннан кейін оған лифт, қосымша қажеттіліктер, сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту керек. Бірақ, инвесторлар жан-жақтан қызығушылық білдіруде. Жақында Түркия мемлекетінен компаниялар арнайы келіп 9, 12 қабатты үйлер саламыз деген ниет білдіріп отыр. Олармен де бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Сондықтан, салынатын биік ғимараттар жеке кәсіпкерлік негізінде болады.
– Бізде жоспарланған көптеген нысан­дар­дың жобалық-сметалық құжаттары кешігеді. 4-5 жыл бойы әзірленіп жатқан немесе тоқтап тұрған жобалар да бар. Нәтижесінде құжаты дайын болмағандықтан қажетті нысандардың құрылысы бастал­май­ды, оған қаражат та бөлінбейді. Осы мәселе құрылыс саласының дамуына қаншалықты кері әсерін тигізуде?
– Бұл өте орынды сұрақ. Рас, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде көптеген кідірістер орын алуда. Өйткені, құрылыс жұмыс­тары ең алдымен есеп-қисаптан басталады. Оны әзірлейтін мекемелерді де аз деп айта алмаймыз. Бар, бірақ онда мамандар тапшы. Жұмыс күші жеткіліксіз. Себебі, ондағы жақсы мамандардың жасы келген. Қазір сондай жобалаушы жеке компаниялармен жастарды тәрбиелеу бойынша жұмыс жасаудамыз. Оған қаражат салу керек. Жас маман жұмысты игеріп кеткенше уақыт қажет. Айлығын төлеп, үйреткен абзал. Сонда ғана жақсы маман шығады. Ал, жеке компаниялар ондай қадамға барғысы келмейді. Бірақ, біз бұл бағыт бойынша тиімді жолдарын қарастырып жатырмыз. Құжаттардың уақытылы дайын болмауы республикалық, облыстық бюджеттен қаражаттың бөлінуіне кері әсерін тигізуде. Көптеген алға қойған мақсаттарымыз соның салдарынан әлі жүзеге аспай тұр. Әзірленіп жатқан, аяқталуға жақын деген 66 жоба бойынша қазір аудан әкімдерінің орынбасарларымен, жауапты мамандармен тығыз байланыста жұмыс атқарылуда.
– Жасыратыны жоқ, аймақтағы кейбір құрылысы жүріп жатқан нысандарға сырттан жеткізілетін материалдар қолданылатынын көріп жүрміз. Не себепті толығымен отандық, оның ішінде өз өңіріміздің өнімдері пайдаланылмайды?
– Бұл жағынан да бізде мәселе бар. Облыста шығарылатын құрылыс материалдарын барынша пайдалануға тырысамыз. Дегенмен, кейде бізде өндірілетін кірпіштің өзі бағасына сапасы сәйкес келмей жатады. Сондықтан, көбіне кірпіш Алматыдан тасымалданады. Соның өзі арзан әрі сапалы болып шығады. Осы мәселе бойынша, өңіріміздегі өнімдерге байланысты облыс басшысы таяуда екі жиын өткізді. Облыстың бизнес картасы әзірленуде. Соған құрылыс материалдарын шығаратын мекемелер де қамтылуда. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арқылы олардың мәселелерін зерделеу, бірлесіп шешу бойынша тапсырмалар берілді. Бізде өндіріс енді жанданып келе жатыр ғой. Жалпы бояу, санфаянстан басқасының барлығы елімізден, тіпті, өз өңірімізден шығады. Бірақ, арасында сапасына байланысты басқа жақтан әкелетіні рас. Баға мен сапаны сәйкестендіру, өнім көлемін арттыру бойынша да мәселелер туындап жатады. Мысалы, кейбір мекеме қажетті материалды бір өндірістен алайын десе, ол тиісті көлемін бере алмайды. Салдарынан тұтынушы материалдың жартысын сол жерден, қалғанын басқа өндіріс орнынан алуға тура келеді. Ол екі есе шығын. Себебі, барлық материалды бір жерден алған тиімді, арзанға түседі. Осындай мәселелер зерделенуде.
– Жоспарларыңыз бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында облыста қанша үй беріледі?
– Тараз қаласынан биыл берілетін 800 пәтерлі 10 үй осы бағдарлама арқылы сатылатын болады. Банктермен меморандум жасалуда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» бөлек 6 банк бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдіруде. Келер жылы 20 үйдің құрылысы аяқталса, ол да осы бағдарлама аясында берілмек.
– Облыс басшысының бастамасымен жұмысы қайта жанданған қала құрылысы кеңесіндегі жоспарлар өз деңгейінде орын­далып жатыр ма? Келешекте қаламыз­дың келбеті қандай болады?
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала құрылысы кеңесінде апта сайын шаһар сәулетіне қатысты салмақты жоспарлар қаралуда. Көне қаламызды көркейту жөніндегі ұтымды ұсыныстар талқылануда. Қазіргі негізгі мақсат – қаланың тарихи келбетін, ежелгі классикалық стилін брэндке айналдыру. Әрбір салынатын жаңа нысанды көне Тараздың имидждік дизайніне сәйкестендіру жөнінде зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс басшысы әр ұсынысты жеке-жеке жіті талдап, кеңес мүшелерімен ақылдасып, жаңа нысанның бағыты, мақсаты, маңызына қарай шешім қабылдап отыр. Сондықтан да келешегіміз үшін, қаламыздың көрікті келбеті үшін кеңес жұмысының игілігі өте зор.
– Кәсіби мереке қарсаңында әріптес­те­рі­ңізге лебізіңізді білдірсеңіз…
– Құрылысшы – адам өміріне ең қажетті мамандық. Баспанаң, білім алып отырған мектебің, емделіп жатқан емханаң, жұмыс орныңның ғимараты болмаса қоғамды, мемлекетімізді елестету мүмкін емес. Күні-түні тыным таппай, ауа райының, табиғаттың тосын мінезіне қарамай жұмыс жасап жүрген құрылысшылардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әрине, оның барлығын жасауға ең алдымен денсаулық керек. Сондықтан, әріптестерімнің барлығын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақыт тілеймін. Алдағы мақсатымыз өте зор. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы, аудан орталықтарын көркейтуіміз керек. Жалпы, бұл мереке осы күнге дейін өңірде не атқардық деп өз өзімізге есеп беретін сәт. Сондықтан, жауапкершілікке толы жұмысымызды абырой­мен атқарайық.
– Әңгімеңізге рақмет.

Cұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.