Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде балық шаруашылығының кенжелеп тұрғаны рас. Шетелді айтпағанда өзіміздің елдегі Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері мен Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары арқылы шаш етектен пайда тауып отырған шаруашылықтар секілді біздің де балық аулап, байлыққа белшеден батуымызға не кедергі? Броконьерлер балықтарды уылдырық шашатын уақытқа жеткізбей, жабайы, барымташылық әрекетпен сүзіп алып, аталған саланың ілгерілеуіне мүмкіндік бермей отырса бір сәрі. Әлде, балықты аулау, қорғау, өсіру, молайту, өңдеу ісінің басы-қасында жүргендер осы шаруаны ұқсата алмай жүр ме?! Қалай десек те, бізге балық шаруашылығын дамытуға қатысты жаңа жүйе керек-ақ. Өйткені, балық шаруашылығында бүгінде береке болмай тұр. Нақты айтқанда су бар, балық аз. Бар мәселе осында.
Бүгінде өңірде балық өсіруге қолайлы бірнеше су айдындарымыз бола тұра облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыра алмауымыз қынжылтады. Аймақ экономикасының негізін құрауы тиіс нақ осы салаға қосымша табыс көзі немесе қосалқы шаруашылық ретінде қарайтын болсақ, мәселенің бүгін-ертең шешілмейтіні анық. Бізге көлдегі балықты сүзіп алып қана емес, нарықтағы сұранысқа ие балық түрлерін өсіретін, көбейтетін, оны мәдениетті түрде аулайтын уақыт жеткелі қашан. Сонымен қатар, балық өнімдерін өндіретін кәсіпорындар санын көбейту де күн тәртібінен түспей келеді.
Облыста балықтан жасалған шұжық, консервіленген немесе қарапайым ғана тұздалған, кептірілген, ысталған, мұздатылған өнім түрлерін айтпағанда, тек ауланған балықтардың өзі өңір тұрғындарының сұранысын қанағаттандыра алмайды екен. Оны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов те, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев те растап отыр. Берік Болатұлы ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жүргізілген зерделеу барысында өңірде ауланатын балық пен тұрғындар тұтынатын балықтың айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады. Оның айтуынша, ең төменгі мөлшер бойынша облыста әр адам 5 келі балық тұтынады деген күннің өзінде 5 мың 600 тонна балық аулану қажет екен. Ал, қазіргі жағдайда, ауланған балық тұрғындар сұранысының 50 пайызын да қанағаттандыра алмайтын көрінеді. Соның салдарынан балық және балық өнімдерінің дені бізге өзге облыстардан келуде. Ал, Нұржан Молдиярұлының мәліметі тіптен басқаша. Ол тұрғындардың балық және балық өнімдеріне қажеттілігі бір адамға шаққанда 14,6 келіні құрайтындығын айтады.
– Облыс халқының саны жыл басында 1 миллион 115,2 мың адамды құрағанын ескерсек, жергілікті жұртшылықтың балық және балық өнімдеріне қажеттілігін қанағаттандыру үшін тауарлық балық өсіруді, оны аулауды 16,281 мың тоннадан асыруымыз қажет. Ал, бізде ауланатын балық 1 100 тоннаны ғана құрайды, – дейді Нұржан Нұржігітов.
Облыста 115 су айдыны бар болса, соның 96-сы шаруашылық жүргізу үшін заңды тұлғаларға бекітіліп беріліпті. Тарқата айтқанда, біреуі 15, 39-ы 25, 28-і 10, тағы 28 көл-тоған 49 жылға балық шаруашылығымен айналысуға ден қойған азаматтардың иелігіне өткен. Қалған 19-ының біреуі балық шаруашылығымен айналысуға қолайсыз деп танылса, 18-інен иелері өз еріктерімен бас тартқан.
– Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарындағы жүргізілген ихтиологиялық байқаулар және балық шаруашылығы субъектілерінің шарттық міндеттемелерінің орындауларына жүргізілген мониторинг тізбедегі бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарындағы қорғау, өсімін молайту және пайдалану шарттық міндеттемелерін толықтай орындалуын қамтамасыз етілмейтінін анықтап берді. Кейбір балық шаруашылығы субъектілері алған шарттарын орындау керектігіне толықтай мән бере бермейді, жауапсыздық танытады. Солардың ішінде 18 балық шаруашылығы субъектілері өздерінің түзетуге болмайтын кемшілік жібергендерін түсініп, өз еріктерімен балық шаруашылығын жүргізуден бас тартты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңдарының талаптарын, сондай-ақ, балық шаруашылығын жүргізу және балық аулау шарттарының талаптарын жүйелі түрде орындамағандары үшін барлығы 6 субъектімен балық шаруашылығын жүргізу шартын біржақты тәртіпте бұзу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Н.Нұржігітов.
Осы орайда, біз өз иелігіндегі су айдынынан бас тартты деген жеке кәсіпкер Жанат Жұрғараевамен тілдесіп көрдік. Ол былтыр өзіне бекітіліп берілген су айдыны балық өсірумен айналысуға қолайсыз болғанын алға тартты.
– Былтыр балық шаруашылығымен айналыссақ деген ниетпен Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округіндегі «Пруд-6» суқоймасын жалға алғанбыз. Жеме-жемге келгенде ол жерде балық өсіріп, пайда табамын деу бос әурешілік болып шықты. Себебі, оның аумағы өте кішкентай. Оның үстіне су бұлақ көзі арқылы жиналған. Балық өсіру ісінің мамандарына жүгінгенімізде, мұндай ауқымы тар және бұлақ суында балық өспейтініне көзімізді жеткізді. Сол себепті, аталған суқоймасынан бас тарттым. Бір сөзбен айтқанда, мұнда балық шаруашылығымен айналысу тиімсіз, – деп қысқа қайырды ол.
Ал, Талас ауданы, Ақкөл суқоймасында өз шаруашылығын дөңгелетіп отырған «Қойшыбай ата» шаруа қожалығының басшысы Ақынбек Бектай шаруалар суқоймасынан өз еркімен бас тартты дегенге сене алмайтындығын айтады.
– Мен нақ осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Талас аудандық, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты да болдым. Талас ауданының Құрметті азаматымын. Менің жанымды ешкім қинап отырған жоқ. Бірақ, бір шындықты айту парыз. Өз иелігіндегі су айдынынан, нәсібін тауып отырған кәсібінен ешкім бостан-босқа бас тартпайды. Бірлі-жарым адам бас тартуы мүмкін, бірақ 18 су айдынынан иелері өз еркімен бас тартты деу ақылға сыймайды. Рас, бізде біреуді-біреу жолдан ығыстыру, кәсібін тартып алу деген мәселе әлі жойылған жоқ. Ол жағдай өз басымнан да өткен. Сан мәрте Ақкөл суқоймасына көзі түсіп, иелігімдегі көлді тартып алғысы келгендер болды. Бірақ, мен олармен алысып жүріп, көлді алып қалдым. Керек болса ықпалды адамдар әлі жеткенді бас тартуға мәжбүрлейді. Мен 2006 жылы Ақкөл суқоймасын тендерден ұтып алып, 10 жыл шаруашылығымды жүргіздім. Ол мерзім аяқталған соң, 49 жылға тағы да жалға алдым, – деп қожалық басшысы бір шындықтың ұшын шығарғандай болды.
Елдің көсегесін көркейтеді деген іскер азаматтар бірінің жолын бірі тосып, күндерін таққа таласқандай арпалыспен өткізетіні рас болса, балық шаруашылығының бағы жанады деу қиын-ақ. Десе де, бізді осы аталған су айдындарында қандай балық түрлерінің өсірілетіні, шаруалардың көлге шабақ жіберетіні-жібермейтіні қызықтырды. Бұған баса назар аударып отырғанымыз, мәлімет бойынша еті тығыз әрі жоғары сұранысқа ие көксеркенің (судак) өңірдегі су айдындарындағы үлесі 15-ақ пайызды құраса, жыланбас 8,7 пайыз екен. Ақмарқа, шортан, алабұға секілді тауарлы балықтардың үлесі 1 пайызға да жетпейді. Есесіне, сазан, табан (лещ) дегендерің 15 пайыздан жоғары болса, қылтығы көп саналатын мөңкенің (карась) пайызы –31,5. Аты аталған қылтанақты балықтардың нарықтағы сұранысы өте төмен екенін ескерсек, «оларды өсіріп не керегі бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Ақынбек Бектайдың айтуынша, Ақкөл су айдынында негізінен осы сазан, табан, мөңке, көксерке, жыланбас тіршілік етеді екен. Ол жыл сайын көлге 5 мың дана шабақ жіберілетінін айтты.
– Квота бойынша Ақкөлден жылына 19 мың тонна балық аулануы тиіс. Бүгінде 10 мың тонна балық ауланды, жыл аяғына дейін 9 мың тонна балық ұстаймыз. Десе де, Ақкөлге бөлінген квота өте аз. Егер мен бір жылда 19 мың тоннадан артық балық ауласам, заңбұзушылық болып есептеледі де, жазаға тартыламын. Сол үшін межені 19 мың тоннадан асырмаймын.
Негізінен, шабақты Жамбыл ауданындағы «Сандель» тәлімбағынан 425-500 мың теңге аралығындағы қаражатқа сатып аламын. Көксерке мен жыланбастың шабағын алған емеспін. Олар табиғи жолмен өздері-ақ көбейеді. Себебі, олар уылдырықты қыс мезгілінде шашады. Өздері жыртқыш тұқымдас болғандықтан, өзге балықтарды қырып салуға бейім. Егер мемлекет балыққа бөлінетін квотаны көбейтсе, оны мен арнайы тор қоршамада балық өсіру арқылы орындар едім.
Қазір Ақкөлдің жағасынан 100 гектар жер алдым. Мақсатым – көл жағалауынан демалыс орны мен саяжай ашу. Болашақта тәлімбақпен де айналысу ойда бар. Дегенмен, біздің аймақта оларды қоректендіретін өнім шығарылмайды. Бұл да үлкен мәселе. Жасыратыны жоқ, көбіміз балық шаруашылығына бейім емеспіз. Оның үстіне қолданыстағы жүйе де қолайсыз. Мәселен, мен Меркі балық зауытымен бірлесіп жұмыс істеуім үшін күніне 6 мың тонна балық өткізуім керек. Ал, оған шама қайда? Оған қоса, шектеу бар дегендей. Өзім кішігірім цех ашайын десем, көлдің басына электр қуатын тартуымыз қажет. Балық сақтайтын мұздатқышың болмаса, ол да қиын, – дейді А.Бектай.
Біз облыста балық өнімдерін шығаратын екі зауыттың бірі – Меркі балық өңдеу зауытының басшысы Елшібек Ниязовпен де тілдестік. Зауытттың қуаттылығы 6 айда 61 071 тонна. Сатып алынатын балықтың сазан, шортан, жыланбас, табан, көксерке түрлерінен филе, фарш, консервіленген секілді бірнеше өнім шығарылады. Е.Ниязов өңіріміз шикізат тапшылығын бастан өткеріп отырғандықтан, зауыт сырттан келетін балыққа тәуелді екенін, облыстың пайыздық үлесі, яғни, Балқаш көлінен 20, Арал теңізінен 70 пайыз, қалған балық Зайсан көлінен жеткізілетінін айтты.
Осы орайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Сапарбек Сыдықов жоғарыда аталған бірқатар мәселелерге түсініктеме беріп кетті. Оның айтуынша, басқарма атқарушы орган болса, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қадағалаушы мекеме екен. Міне, осы инспекция бақылауымен шартта көрсетілген міндеттерді орындамаған су айдындарының иесі ғана балық аулау құқығынан айырылмаса, басқа жағдайда біреуді біреу қыспаққа алу жалған ақпарат көрінеді.
– Біз талай азаматтарды көріп жүрміз. Белгілі бір мерзімге су айдынын жалға алып, оған ақша салмай, табиғаттың берген байлығын сүзіп алумен шектеліп отырады. Ондай ниеттегі адамдармен шартты бұзу заңды.
Негізінен, балық шаруашылығының тұралап тұрғаны рас. Бұл мәселені шешу үшін көлде тауарлы, тор қоршамада балық шаруашылығын дамыту өте маңызды. Облыс аумағы бойынша ауланатын балықтардың түрлеріне талдау жасалған. Нәтижесінде тауарлық құндылығы жоғары балықтардың үлесі өте төмен болып шықты. Осы кемшілікті түзету басты бағыт екенін білеміз. Өкінішке қарай, облыс аумағында қазіргі уақытта көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындары анықталмағандықтан, бұл жұмысты жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Одан бөлек, нормативтік құқықтық құжаттың жоқтығы да қолбайлау. Қазіргі уақытта бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарының қайсысы қандай шаруашылыққа қолайлы екені жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта су айдындары өлшем шарттарға сәйкес, шаруаларға кәсіпшілік балық аулау, әуесқойлық (спорттық) балық аулау, көлде тауарлы балық, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы бойынша бөлініп берілмекші. Осы бағыттар айқындалып, шабақ өсірумен айналысатын тәлімбақтардың әлеуеті артқанда ғана іс алға басады, – дейді С.Сыдықов.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, сең енді қозғалғалы жатқанға ұқсайды. Мұндайда «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ. Десе де, біз мақаланы дайындау барысында су айдындарына квотаны аз бөлу, балық санын көбейтуге ден қоймау арқылы өзге облыстың балық шаруашылығының дамуына ыңғайлы жағдай жасап беріп отырғанымызды байқадық. Сондықтан, жауапты сала қызметкерлері балық өндірушілердің шын мәнінде балықты молайтуына, өсіруіне, техникалық және жұмыс күштерін арттыруына жағдай жасамаса, талапты күшейтіп, істі қатаң қадағаға алмаса өзгенің аузы майланғаны – майланған. Ең сорақысы, Аса, Талас, Теріс секілді арналы өзендер мен Тасөткел, Билікөл, Теріс-Ащыбұлақ секілді ірі-ірі суқоймаларының жағалауында отырып, балық шаруашылығын дамыта алмау, облыс үшін үлкен сын.
Нұрым Сырғабаев