«Оқырман ұрпақ»: «Әділет» жастары Таразда жаңа кітап оқу клубын ашты — arainews.kz

«Оқырман ұрпақ»: «Әділет» жастары Таразда жаңа кітап оқу клубын ашты

9

Таразда жастарға арналған жаңа кітап оқу клубы жұмысын бастады. «Оқырман ұрпақ» клубының алғашқы кездесуінде 80-ге жуық жас бас қосты. Қатысушыларға үш кітап ұсынылып, келесі кездесуде бірге оқып, талқылайтын шығарманы өздері таңдады. Таңдау Данияр Жігітбектің «Қаржы қағидалары» кітабына түсті.

Достық үйінде «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Әділет» жастарының бастамасымен «Оқырман ұрпақ» кітап оқу клубының алғашқы кездесуі өтті.

Клубтың форматы кітапты оқып шығумен шектелмейді. Әр кездесуде қатысушылар ортақ кітап таңдап, оны келесі басқосуға дейін оқиды. Ал кездесуде шығарманың мазмұнын айтып қана қоймай, автордың негізгі ойын, өздеріне әсер еткен тұстарын және кітаптан түйгендерін ортаға салады. Осылайша әр шығарма жастардың ортақ пікірталасына арқау болады.

Алғашқы кездесуге Жамбыл облысы жастар мәслихатының төрағасы Азамат Намелбек арнайы спикер ретінде шақырылды. Ол жастармен өзінің кітап оқу тәжірибесімен бөлісіп, кітаптың адам көзқарасын қалыптастырудағы рөлі, өзіне әсер еткен шығармалар және тұрақты оқу әдеті туралы әңгімелесті.

«Біздің мақсатымыз – жастарға «кітап оқыңдар» деп кеңес берумен шектелу емес. Оқылған кітап төңірегінде еркін пікір алмасатын орта қалыптастыру маңызды. Бір шығарманы бірнеше адам оқыса, әрқайсысы одан өзінше ой түйеді. Сол пікірлерді ортаға салу арқылы жастардың ойлау, талдау және өз көзқарасын еркін жеткізу дағдысын дамытуға болады. «Оқырман ұрпақ» клубын осындай ашық пікір алмасатын тұрақты ортаға айналдырғымыз келеді», – деді «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Әділет» жастары төрағасының орынбасары Мерей Жолдасбек.

Кездесу барысында жастарға үш кітап ұсынылып, олардың мазмұны мен негізгі идеялары таныстырылды. Қатысушылар шығармалар туралы пікір алмасып, өздеріне жақын тақырыптарды талқылады. Соңында келесі кездесуге арналған ортақ кітапты өздері таңдады.

Таңдау Данияр Жігітбектің «Қаржы қағидалары» кітабына түсті. Қаржылық сауаттылық, жеке қаржыны басқару және ақшаға деген көзқарас сияқты тақырыптар жастардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты болғандықтан, қатысушылар осы шығарманы таңдады.

«Кітапты жалғыз оқып қана қоймай, кейін бірге талқылайтынымыз ұнады. Бір шығарманы оқыған адамдардың әртүрлі ой түюі мүмкін. Келесі кездесуде өзіме ұнаған тұстарды айтып, басқа қатысушылардың пікірін тыңдағым келеді. «Қаржы қағидалары» да жастар үшін пайдалы кітап деп ойлаймын, себебі қаржыны дұрыс басқару туралы білім күнделікті өмірде қажет», – деді клуб мүшесі, студент Қарақат Тұрсынхан.

Енді клуб мүшелері «Қаржы қағидаларын» оқып, келесі кездесуге дайындалады. Әр қатысушы кітаптан алған әсерін, өзіне маңызды болған тұстарды және күнделікті өмірде қолдануға болатын ойларын ортаға сала алады.

Ұйымдастырушылар алдағы кездесулерде кітап таңдауға клуб мүшелерінің өздерін белсенді тартуды жоспарлап отыр. Жастар өздері оқыған және өзгелерге ұсынғысы келетін шығармаларын да ортақ талқылауға шығара алады.

«Оқырман ұрпақ» клубының жұмысы тұрақты түрде жалғасады. Әр кездесуде жаңа кітап таңдалып, шығарма төңірегінде пікірталас ұйымдастырылады. Осы арқылы клубтың жастар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыратын ғана емес, өз ойын еркін жеткізуге және түрлі көзқарасты тыңдауға мүмкіндік беретін тұрақты ортаға айналуы көзделіп отыр.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.