«Үш ұрпақ – ортақ мұрат»: Жамбылда ұрпақтар сабақтастығына арналған фестиваль басталды — arainews.kz

«Үш ұрпақ – ортақ мұрат»: Жамбылда ұрпақтар сабақтастығына арналған фестиваль басталды

7

Жамбыл облысында Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі басталды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесін, орта буынның жауапкершілігін және жастардың заманауи көзқарасын бір арнаға тоғыстырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту. Бастама үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаларын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған.
Фестиваль аясында үш буын өкілдерінің басын қосатын бірқатар қоғамдық, мәдени, танымдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, бағдарламаға:
• «Ұрпақтар диалогы» – үш буын өкілдері қатысатын ашық пікір алмасу алаңы;
• «Аға буын – ақылдың кені» – ардагерлер мен жастардың тағылымды кездесулері;
• «Дәстүр – ұрпаққа аманат» – ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды насихаттауға арналған кездесулер;
• ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар;
• шығармашылық кездесулер және мәдени бағдарламалар;
• қолөнер және ұлттық өнер бойынша шеберлік сабақтары;
• «Цифрлық ұрпақ» – жастардың аға буынға смартфон, электронды қызметтер және цифрлық сервистерді қолдануды үйретуіне бағытталған практикалық сабақтар;
• «Өмірден өнеге» – аға буын өкілдерінің еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесін жастармен бөлісу кездесулері;
• тәлімгерлік кездесулер;
• отбасылық және қоғамдық құндылықтарды дәріптейтін бірлескен іс-шаралар;
• үш ұрпақтың қатысуымен мәдени-спорттық және қоғамдық бастамалар енгізілген.
Фестиваль барысында аға буын өкілдері өздерінің еңбек және өмір жолы туралы айтып, жастарға ақыл-кеңесін береді. Орта буын қоғамдық және ұйымдастырушылық бағыттағы тәжірибесімен бөліссе, жастар заманауи технологиялар мен жаңа тәсілдерді ұсынады.
Осылайша, әр буын өз тәжірибесі мен мүмкіндігін ортақ мақсатқа бағыттап, өзара тәжірибе алмасады. Бұл – ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі Жамбыл облысында жалғасын тауып, өңірдің әртүрлі елді мекендерінде түрлі форматтағы іс-шаралармен толықтырылатын болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.