Кітап оқу – тұлға биігінің алғашқы баспалдағы | arainews.kz

Кітап оқу – тұлға биігінің алғашқы баспалдағы

7
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Президент Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деп баса айтып, жастарды кітап оқуға баулу арқылы жалпыұлттық деңгейде оқырман мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Шын мәнінде, кітап оқуды өмірлік кредосына айналдырған жанның ұтары көп. Себебі, кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық.
Осы ретте жамбылдықтардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, өзін-өзі жетілдіру мен бойындағы білімін толықтыру мақсатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жоба жерлестеріміздің қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол білікті де бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенеміз.
Жамбыл жерінде бұған дейін де жергілікті ақын-жазушыларды қолдау мақсатында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілді. Айталық, облыс әкімінің ұйытқы болуымен өңірімізде әулиеаталық 24 қаламгердің кітабы бір мың дана тиражбен жарық көрді. Осылайша, әдебиет өкілдерінің шығармашылығын көпшілікке паш ету бағытында іске асқан шара аясында жергілікті ақын-жазушылардың қаламынан туған туындылар барлық кітапханаларға таратылды. Мәдениет пен әдебиетті насихаттауды көздеген бұл үрдіс өз жалғасын тауып, биыл жыл басынан оншақты кітаптың тұсаукесері өтті. Сондай ақ облыста 275 кітапхананың кітап қоры 4 миллионға жуықтады. Осы айдың соңында “Әулиеата аңыздары” атты керемет туынды өмірге келсе, мамыр айында Көсемәлі ағамыздың “Жалғызқара” атты ғұмырнамалық-танымдық роман жарық көрмек. Жыл соңына дейін біраз кітаптар оқырмандардың назарына ұсынылып, кітап сөрелерін толтырмақ.
Хакім Абай атамыздың «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген нақыл сөзі бар. Осы сөздің астарынан терең ой түюге болады. Рас, бұл күнде қоғам, уақыт өзгерді. Құндылықтар алмасты. Алайда, кітаптың орны, қадір-қасиеті бөлек. Кітапты пір тұтқан ұлт алға шығып, өркениет даңғылында көш бастайтыны анық. Өзгесін айтпағанда, Батыс елдері кітап оқуға қайта бет бұрды. Қысқасы, өркениетті деңгейге жету үшін кітаптың, кітап оқудың маңызы зор. Ендеше, жалынды жастарымыз кітап оқуды күнделікті әдетіне айналдыруы тиіс. Ал, кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес.

 

Серік СӘЛЕМОВ,
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.