80 адам жұмыспен қамтылды | arainews.kz

80 адам жұмыспен қамтылды

155

Пандемия еліміздегі біраз саланың аяғына тұсау салғаны белгілі. Содан болса керек, қазіргі таңда бірқатар салалар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, соның кесірінен тұрақты жұмысынан айырылып жатқан жандар өте көп. Ресми деректерге сүйенсек, дәл қазіргі таңда ел аумағында 900 000-ға жуық отандасымыз жұмыссыз жүр екен. Осы бір олқылықты өз орнына қою үшін мемлекет басшылары қолдан келетін шараның бәрін жасауға тырысып жатыр.
Сейсенбі күні «Сұлутөр» кинотеатрының ашық алаңында аудандық прокуратура мен «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-сі бірлесіп, бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырды. Аталмыш іс-шараға ұйымдастырушылардан бөлек жұмыс берушілер мен аудан тұрғындары қатысты. Жалпы жәрмеңкеде 19 жұмыс берушіден 59 тұрақты жұмыс тұрғындар назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қосымша тағы ақылы қоғамдық жұмысқа — 87, жастар практикасына 60 бос жұмыс орын түсті.
Жәрмеңке барысында аудан тұрғындарына Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан шаралар толық түсіндірілді. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарға жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында мемлекеттік грант алуға, «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, техникалық және кәсіпкерлік біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтылуға, бағдарлама аясында республикамыздың солтүстік өңірлеріне көшіп барып, жұмысқа орналасуға, ақылы қоғамдық және жастар практикасы арқылы жұмыс жасауға болатыны жайында кеңінен кеңес берілді.
Іс-шара нәтижесінде тұрақты жұмысқа 11 азамат орналасты. Одан бөлек ақылы қоғамдық жұмысқа 65 азамат алынса, 4 тұрғын жастар практикасын сәтті пайдаланып, жұмысқа жолданды. Олардың қатарында пробация қызметі, түзеу мекемесінен босаған, борышкер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бар болғандығы бізді қатты қуантты.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.