Шудағы Көктөбе ауылында тұшпара шығаратын цех ашылды | arainews.kz

Шудағы Көктөбе ауылында тұшпара шығаратын цех ашылды

246

Бір қуанарлығы, бүгінде ауылдарда да кәсіпкерлік қанатын кеңге жая бастады. Осылайша индустрияландыру лебі аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдарға да жетті. Ал шағын индустрияландырудың мал және егін шаруашылығымен ғана айналысып жатқан тұрғындардың, әсіресе жұмыс жоқтығын сылтау етіп, өнеркәсібі өркендеген қалаларға жол тартатын жастардың өздері туып-өскен жерде тұрақтап жұмыс істеуіне де мүмкіндік туғызары хақ. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының түпкі мақсаты да осы. 
Міне, осылай қала мен ауылдағы шағын және орта бизнесті белсенді қолдау бағытындағы жұмыстар өзінің жемісін беруде. Аудан тарихында алғаш рет Көктөбе ауылынан «Орманбеков» жеке кәсіпкерлігінің тұшпара шығаратын «Дастан» шағын цехын ашуы – бұл сөзіміздің нақты дәлеліндей. Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков жаңа нысанның ашылуы салтанатына қатысып, лентасын қиып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінде кәсіпорында сиыр етінен тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара дайындалады. Қазіргі таңда аудан дүкендері сөрелерінен аталған цех өнімдерін жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, тауар өтімді. Сөрелерде көп жатпайтыны соны аңғартады. «Дастанның» дәмді тұшпараларын тек көктөбеліктер ғана емес, ауданнан шалғай орналасқан Шоқпар, Далақайнар секілді ауылдық округ тұрғындары да көптеп тұтынуда.
– Осы күні сырттан әкелінген азық-түлік өнімдерінің құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Шу – облысымыздағы тұрғыны көп аудандардың бірі. Сондықтан сапалы өнім өтімді болады. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді, міне, өз күшімізбен көздегенімізге қол жеткізіп отырмыз. Өнімдеріміз бүгінде Шу қаласы мен барлық ауылдық округтердегі дүкендері арқылы өткерілуде. Нәтиже күткендегідей болды, өнімдерімізге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті түскен тапсырыстарды түгел орындауға үлгермей жататын кездер де болады. Цехта әзірге алты адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Сәтін салып, мемлекет тарапынан тиісінше қолдау болып жатса, қажетті қосымша құрылғылар сатып алып, цехтың өндірістік қуатын әлденеше есе ұлғайтуды да көздеп отырмыз, – дейді көктөбелік жеке кәсіпкер Берік Орманбеков.
Шаруасын шырқ үйірген іскер азамат қазір тек тұшпара цехын ғана емес, сонымен қатар ауылдағы «Ақ жол» асханасын да іске қосып отыр. Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды. Ал өз тұтынушыларымен қоян-қолтық жұмыс істей білетін көктөбелік кәсіпкер мұндай жетістікке өзінің табандылығының және өнімдерінің сапасының жоғарылығының арқасында ғана қол жеткізгені белгілі. Сондай-ақ ол өз отбасының әлеуметтік жағдайын түзеумен қатар, ауылдастарын да нәтижелі жұмыспен қамтып отыр. Рас, бизнестің басты талабы – бір орында тоқтап қалмау. Кәсіпкер азамат алдағы уақытта өндіріс көкжиегін кеңейтуді, қосымша жұмыс орындарын ашуды межелеп отыр. «Дастан» цехының тек ауданды ғана емес, облысты сапалы өнімдерімен қамтамасыз ететіндігіне сенім мол.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

aqjolgazet.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.