Жуырда өңірлік ҚАЖ департаментіне ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомстволық бұйрықтарына енгізілген өзгерістерді жеке құрамға таныстыру бойынша жұмыс отырысы өтті. Басқосуға ҚАЖ департаментіне қарасты барлық мекеме бастықтарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
Жиында сөз алған облыстық ҚАЖ департаментінің сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы әділет майоры Ерлан Әбдібай ҚАЖ медициналық қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына енгізілген өзгерістер бойынша баяндама жасады. Ал департаменттің арнайы есеп тобының бас маманының міндетін атқарушы әділет майоры Шапағат Жұмабекова ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша еңгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша толыққанды мәліметтерді жеке құрамға жеткізді. Басқосудың қорытындысында мекеме басшыларының орынбасарларына аталған заңнамаларға еңгізілген өзгерістер мен толықтыруларды әрбір мекеме қызметкерлеріне жеткізу тапсырылды.
Айта кетейік, өткен жылдың 23 желтоқсан күні өлім жазасын қылмыстық жаза түрі ретінде алып тастауды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» және ҚАЖ медициналық қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданған болатын.