Өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру – ортақ міндетіміз! — arainews.kz

Өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру – ортақ міндетіміз!

3

№17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Кораласбаев Арылбек Шамшабекович

Өмірбаяным

Мен, Кораласбаев Арылбек Шамшабекович, 1968 жылдың ақпан айының 11 жұлдызында Жамбыл облысы, Луговой ауданы (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы), «Карл Маркс» колхозы, Подгорное ауылында (қазіргі Құмарық ауылы) дүниеге келдім.
Үйленгенмін, екі бала тәрбиелеп отырмын.
1985 жылы Луговой ауданы, Подгорное ауылы, Карл Маркс атындағы (қазіргі Болтай батыр) орта мектебін бітірдім.
1986-1988 жылдар аралығында әскер қатарында болып, 1989-1992 жылдар аралығында Луговой ауылындағы Жамбыл зооветеринарлық техникумын «Зоотехник» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2007 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Агроном» мамандығын бітірдім.
1992-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК Жамбыл облыстық филиалында қызмет атқардым.
1997-2003 жылдар аралығында «Аян» шаруа қожалығында басшының орынбасары қызметін атқардым.
2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Бай Алғабас» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып келемін.
2007 жылы төртінші шақырылған, 2012 жылы бесінші шақырылған, 2017 жылы алтыншы шақырылған Т.Рысқұлов аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым.
2021 жылы жетінші шақырылған, 2023 жылы сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым.
Ұзақ жылғы еңбегім үшін бірнеше мәрте ҚР Президентінің, Ауыл шаруашылығы минис- трінің, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен, төсбелгі, медальдармен марапатталдым. Сонымен қатар, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткер» құрмет атағының иегерімін.

Сайлауалды бағдарлама

Мен ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, оның жетістіктері мен түйткілді мәселелерін жақсы білемін. Бірнеше шақырылым бойы депутат ретінде халықтың, әсіресе ауыл еңбеккерлерінің талап-тілегін тыңдап, олардың мүддесін қорғауға күш салдым. Жинақтаған тәжірибемді өңіріміздің аграрлық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жағдайын жақсартуға бағыттауды азаматтық міндетім деп санаймын.
Осы орайда менің басты мақсатым – ауыл шаруашылығын қолдаудың тиімді тетіктерін жетілдіруге ықпал ету, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыру.

1. Мал шаруашылығын дамыту

— Ірі қара, қой және жылқы шаруашылығын өркендетуге арналған жеңілдетілген несие мен субсидия көлемін арттыруға ықпал ету.
— Мал бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын салуды қолдау.
— Жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, олардың су көздерімен қамтамасыз етілуін жақсарту.
— Ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мал ауруларының алдын алу жұмыстарын күшейту.

2. Асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету

— Асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейту.
— Жергілікті климатқа бейімделген, етті және сүтті бағыттағы жоғары өнімді мал тұқымдарын көбейту.
— Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың тәжірибесін таратып, селекциялық жұмыс- тарды ғылыми негізде жүргізуге жағдай жасау.
— Малдың генетикалық әлеуетін жақсарту арқылы ет пен сүт өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыру.

3. Егін шаруашылығын қолдау

— Диқандарға көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына қажетті қаржыны алдын ала әрі қолжетімді шарттармен беру мәселесін тұрақты бақылауда ұстау.
— Жеңілдетілген бағамен дизель отынын жеткізу көлемін ұлғайтып, оның шаруаларға уақытылы берілуін қамтамасыз етуге ықпал ету.
— Минералды тыңайтқыштарды сатып алуға арналған субсидия көлемін арттыру және оларды егіс науқанына дейін жеткізу мәселесін шешуге атсалысу.
— Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламаларының қолжетімділігін кеңейту.
— Егін шаруашылығын әртараптандырып, өңірдің топырақ-климаттық ерекшелігіне сәйкес тиімді дақылдарды өсіруге қолдау көрсету.

4. Су үнемдеу технологияларын енгізу

— Тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологияларын енгізетін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдауды күшейту.
— Су үнемдеу жабдықтарын сатып алуға берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігін арттыру.
— Суару жүйелерін жаңғыртып, каналдардағы су шығынын азайту және су жеткізу инфрақұрылымын жақсарту мәселелерін көтеру.
— Суды есепке алу мен бөлудің цифрлық жүйелерін енгізуге ықпал ету.

5. Ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту

— Ауылдағы өндірістік инфрақұрылымды, жол, ауызсу және электрмен жабдықтау жүйелерін дамытуға бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуын бақылау.
— Ауыл шаруашылығына қажетті жас мамандарды даярлау, оларды жұмыспен қамту және баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін көтеру.
— Мал шаруашылығын шопандар, малшылар, механизаторлар, ветеринарлар, агрономдар және басқа да сала жұмысшыларынсыз жүргізу мүмкін емес. Үкіметте агросала қызметкерлерін тұрғын үймен қамту, жалақыларын субсидиялау, балаларын тегін оқуға түсіру және әскери қызметтен босату туралы бастама көтерілген еді. Алайда аяқсыз қалды. Аталған мәселелерді депутаттық сауалымда көтеріп, біржақты шешімін табуға бас- тамашылық жасау;

Құрметті өңір тұрғындары!

Ауыл шаруашылығы – тек экономиканың бір саласы емес, ол ауылдың тіршілігі, халықтың әл-ауқаты және елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан аграрлық саланы дамытуға бағытталған әрбір бастама нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек.
Осы уақытқа дейін депутат ретінде жинақтаған тәжірибем мен салалық білімімді осы мақсатқа жұмсауға дайынмын. Облыстық мәслихат депутаты ретінде бюджет қаражатының тиімді бөлінуін бақылауға, ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді мәслихат сессияларында көтеруге, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге және олардың орындалуын қадағалауға басымдық беремін.

Тапсырыс беруші: № 17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Кораласбаев А.Ш.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Comments are closed.