Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек, жауапкершілік және нақты нәтиже — arainews.kz

Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек, жауапкершілік және нақты нәтиже

4

№1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
СЕЙДАХМЕТОВ ЖАНДОС ЖАНДАРБЕКОВИЧ

Өмірбаяным

Құрметті жерлестер!

Мен, Сейдахметов Жандос Жандарбекович, 1981 жылы 17 қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келдім. Отбасылымын, екі қызым және бір ұлым бар.
Бүкіл еңбек жолымды медицина саласына арнадым. 2005 жылдан бастап хирург, онколог, маммолог және рентгенохирург мамандықтары бойынша еңбек етіп, жиырма жылдан астам кәсіби тәжірибе жинақтадым. Әр жылдары облыстық онкологиялық диспансерде, онкология және хирургия орталығында дәрігер, бөлім меңгерушісі, облыстың бас хирургі қызметтерін атқардым.
Қазіргі уақытта Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия ауруханасының директоры әрі облыстың бас онкологы қызметін атқарамын. Еңбек жолымда халық денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелерімен айналысып келемін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!
Мен, «Әділет» партиясының мүшесі ретінде, Жамбыл облысының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының тоғыз бағытын негізге ала отырып, өңіріміздің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мынадай міндеттемелерді ұсынамын.
1. Заң және тәртіп
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала мен ауылдарда 1 520 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстарының орындалуына бақылау жасауға атсалысамын. Балалардың, жастардың және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған   бастамаларды қолдаймын.
2. Тиімді басқару және ашықтық
Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын мәслихат деңгейінде көтеремін. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау жасап, халық алдында ашық есеп беру қағидатын ұстанамын.
3. Қуатты өңір және сапалы инфрақұрылым
Тұрғындардың сапалы ауызсуға, жылуға, газға және қолайлы жол қатынасына қол жеткізуі үшін төмендегі міндеттердің орындалуына атсалысамын:
• 4,6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу;
• 1 200 шақырым су құбыры желісін жаңарту;
• 456,5 шақырымнан астам жолды жөндеу;
• 70,5 шақырым жылу желісін жаңғырту;
• 30 елді мекенді газбен қамту.
4. Әділ экономика және жұмыспен қамту
Жаңа инвестициялық жобаларды, 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдаймын. «Іскер аймақ» және «Ауыл аманаты» бағдарламаларының жүзеге асырылуына, бес жаңа су қоймасын салу және 442,6 шақырым суару каналын жөндеу жұмыстарына атсалысамын.
5. Цифрлық мемлекет
2031 жылға дейін ауылдық елді мекендерді интернетпен 100 пайыз қамту, 10 IT-хаб ашу және шалғай ауылдарды 4G байланысына көшіру жұмыстарына бақылау жасауға атсалысамын. Ауыл тұрғындарының цифрлық мемлекеттік қызметтер мен онлайн медициналық кеңестерге қолжетімділігін арттыруды қолдаймын.
6. Әлеуметтік ынтымақтастық
Көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды, ардагерлерді, зейнеткерлерді және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мәселелерін назарда ұстаймын. Әлеуметтік көмектің қолжетімді болуына және әрбір азаматқа тең мүмкіндік жасалуына бағытталған бастамаларды қолдаймын.
7. Адами әлеует – білім және денсаулық сақтау
Бұл бағыт мен үшін ерекше маңызды. Медицина саласындағы жиырма жылдан астам тәжірибемді пайдалана отырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скрининг сапасын арттыру, ауыл медицинасының қолжетімділігін жақсарту және дәрігерлерді қолдау мәселелерін басты назарда ұстаймын.
Сонымен қатар 6 жаңа медициналық нысан салу, 17 нысанды жөндеу, Тараз қаласы мен    Қордай ауданында 2 диагностикалық орталық ашу жұмыстарына атсалысамын. Білім беру саласында 9 жаңа мектеп салу, 8 400 балабақша орнын ашу, 20 610 маман даярлау және ауылдарда 74 спорт нысанын салу бастамаларын қолдаймын.
8. Жаңа мәдениет және тарихи мұра
Өңірдегі 3 471 тарихи-мәдени ескерткішті сақтау, 14 жаңа мәдениет нысанын салу және 7 мекемені жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетемін. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпақтың рухани тәрбиесін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
9. «Таза Қазақстан»
Елді мекендерді көгалдандыру, жыл сайын кемінде 195 мың ағаш отырғызу және Тараз қаласындағы қалдық жинау пункттерінің санын 3-тен 20-ға дейін арттыру жұмыстарына атсалысамын. Қоршаған ортаны қорғау, тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін назарда ұстаймын.
Қадірлі сайлаушылар!
Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек, жауапкершілік және нақты нәтиже. Дәрігер ретінде адам өмірін сақтауға, басшылық қызметте ден- саулық сақтау саласын дамытуға күш салдым. Енді жинақтаған білімім мен тәжірибемді халықтың мүддесін қорғауға және туған өлкеміздің дамуына арнағым келеді.
Сіздердің сенімдеріңіз – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтау үшін бар білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді Жамбыл облысының дамуына және халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға арнаймын!
Тапсырыс беруші: №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Сейдахметов Ж.Ж.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Comments are closed.