Шерхан Мұртаза жайлы естеліктер… | arainews.kz

Шерхан Мұртаза жайлы естеліктер…

2 695

Жүзі суық болғанымен, жаны жібек еді…

Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған Шерағамыз да дүниеден өтті….

Бауыржан ағамыз бен Тұмағаңнан кейінгі Мыңбұлақтан ұшқан қырандардың бірі еді. Ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шерағаңның ағалығы мен азаматтығының өзі неге тұрады? Шығармашылық иелерінің баяғыдан келе жатқан «Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» дейді. Ол сөз – бір кездері «Лениншіл жасты» түбегейлі түрлендіріп, «Егемен Қазақстанға» жұртты елең еткізіп,  халық оқитын газет жасаған Шерағаңның журналистика саласына салған сара соқпағының өтеуіндей сөз.

Жалпы, қолымызға билік тиіп, қызметте жүргенде елдің қамын ойлап ақ сөйлейтін, жарып сөйлеп жасырмай айтатын адамдарды іздеуші едік. Бір кездері «Социалистік Қазақстан» болған аға газеттің редакторлығы босаған кезде орталық партияның идеология жөніндегі бөлім меңгерушісі едім, Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамызбен ақылдасып Шерағаңды «Қазақ әдебиеті» газетінен бүгінгі «Егемен Қазақстанға» апарып едік. Келе салып ата газетті ажарландырып, «Егеменді» ел оқитын сүйікті газетке айналдырып жіберді.

Жарықтықтың жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда.

Опасыз дүние деген осы болар?.. Кеше елдің қақ төрінде жайқалып жүрген Шерхан аға кейінгі кезде көп қиналды да ғой!.. Өмір ғой!.. Алдынан жарылқасын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

Тұтас болмысы қазаққа қызмет етті

Қаламдасыңның қазасына көңіл айтуға көтерген қаламдай ауыр нәрсе жоқ-ау, сірә!?.

Ал Шерағамның қазасы маған қатты батып отыр. Ештеңе айта алар емеспін, ауыр қаламды көтере алар емеспін. Сондықтан мені кешіресіздер деп ойлаймын.

«Әй, Әкімбай!» деп еркелетуші еді. Бір-ақ жас үлкендігімен өмірбақи аға болып, өмірбақи ағалық биіктіктен аласармай өтті, Шер-ағам! Не деген қасиетті адам!

Шер-ағамның еңбегін бір ғана журналистикаға, бір ғана редакторлыққа, бір ғана жазушылыққа, тіптібір ғана әдебиетке байланыстырып айту жеткіліксіз. Оның тұла бойы, тұтас болмысы қазаққа қызмет етті. Енді оны толықтай зерделеу де мүмкін емес шығар.

Сондай бір қасиетті тұлға, дәуірлерді жалғаған жампоз өтті мына жалғаннан! Бұдан былай менің ғана емес, тұтас қазақ жұртының бір бүйірі үнемі олқы соғатындай…

Алдың пейіш болсын, асыл адам!

Әкім ТАРАЗИ

Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірімін

Шерхан Мұртаза өз халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан қайсар тұлға. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Өзінің Бауыржан ағасына ұқсаған түрімен, мінезімен, жеңімпаз, жасампаз рухты қалыптастырған қайраткер. Шерхан күллі қазақ журналистикасының басын аяғына, аяғын басына келтіріп қайта құрған талантты, күрескер тұлға. Қазақ журналистикасы Шерханның шекпенінен шықты десек мүлде артық айтқандық емес.

Шерағаң жас әдебиетшілерге үлкен әсер етті. Әсіресе Әбіш Кекілбаев, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей – бәрі-бәрі Шерағаңның алдын көріп, ақылын тыңдап, ағалық кеңесімен өсіп жетіліп, үлкен сапарға аттанған қаламгерлер. Шерхан Мұртазаның 60-шы жылдардағы жастарға ықпалы өте күшті болды. 60-шы жылдары әдебиетке келген қаламгерлер Шерағаңның тікелей әсерімен қалыптасты. Өзі де солармен қанаттасып жүріп өсіп, жетілді.

Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жалын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса қызықты тақырыптарға барудан тайынбады. Бұл орайда «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» кезінде ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Мен Шерханмен ұзақ жылдар қызметтес болған адаммын. Журналист болып қалыптасуыма тікелей әсер етті. Мен де Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірімін. Оның дүниеден өткенін естіп, қатты күйзеліп отырмын. Өзіме бағдар тұтқан жанның жарығы таусылуы маған да мезгілсіз ай тұтылғанмен барабар әсер етті. Арамыздан өзі кеткенмен оның аты мәңгі өшпейтіні ғана құлазыған кеудеме жалғыз демеу.

Әнес САРАЙ

Шепті бұзып, шер қозғаған Шерағам!..

Адам баласы бұл жалған дүниеге қонақ дегені рас екен-ау!.. Сенейік пе, сенбейік пе? «Шерағам қайтыс болыпты» дегенді ауруханада жатып естідім. Кереуетте жатқан күйі көз жасым көкірегімді шая берді…

Соңғы кездері біз сирек кездесетін (сөйлесетін) едік. Ағам – Алматыда, мен – Астанада төсекке таңылып, соңғы жылдары мүлдем жолығыса алмадық. Алғашында қызы Алма арқылы анда-санда болса да телефонынан дауысын естіртіп қуанып қалушы едім. Әйтсе де осы жылдың басынан бастап Алма қарындасым біз қоңырау шалғанда «Аға, папам демалып жатыр еді, қоңырау шалғаныңызды айтамын ғой», деп қашқақтауына қарап бір жаманатты жүрегіміз сезгендей болушы еді.  Ақыры Алла өз жанына алған екен!.. Ол жаққа да жақсы адам керек деген рас қой… Өмір заңы деген – осы.

Шерағам өзі туралы жазған романымды тегіс оқып шығып: «Әй, байқа, мені баяғыдай көкпар тарттыртып, атқа шаптыртып қойып жүрме, оқушыларымыз сенбейтін болады», деп қалжыңдап қоятын. Сол айтқан сөзі әлі құлағымда тұрғандай.

Ағам артына өшпес мұра қалдырды. Оның жазған романдары мен хикаяттары, қиссалары мен басқа да публицистикалық шығармалары қазақ оқырмандарының өлшеусіз байлығына айналады деп сенемін. Алаш рухының айбынын асырған аңыз тұлға – Шер-Аға!.. Ардагер азаматтың асқақ рухында шепті бұзса батыр, шерді қозғар ақын атойлап тұратын!.. Артына үлкен мектеп қалдырды! Қош болыңыз, ардақты аға!

Әділ ДҮЙСЕНБЕК

Қош, аңыздың ақырғы тұяғы!

Ел өмірінде орны айрықша, екі туып, қос қайталанбайтын тұлғалар болады. Өз заманында айбатты аға қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайыра атқа қондырды. Ұрпақ санасын тәрбиеледі. Келешекке өзінің ішкі бүкіл айтарын айтып өткен сиректеріміздің бірі болды, Шерағам!

Соңынан ерген інісі, қаламдасы һәм замандасы ретінде дәл осындай қаралы хабарды естіген кезде көкірегімізге жас толды. Бірақ ол көз жасы Шерағаңды жоқтау ғана емес, енді қайтып елдігіміздің бүтіндігін ойлайтын ерлер сиреп кетпесе екен деген, Шерхан Мұртазаның  жалғасы қазақтың ұлы топырағында болса екен деген намыс пен жігердің, қажырлы қайраттың, ішкі рухтың сөзі секілді болып елестейді.

Шерхан аға маған кейде ақбоз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі бізге қамшы болды. Көп уақыт бойы өзінің сол биігінен түскен жоқ. Тек соңғы кездерде ғана денсаулығы сыр беріп, сырқатқа бой алдырды. Соның өзінде ажалды қабағымен үркітіп отырды. Ажалдың өзін жанына жақын жібергісі келмей, жұдырығын түйіп, қазақтың жоғын жоқтап жатқандай көрінетін сол кезде… Біз сондай тұлғадан айырылып отырмыз!..

Қазаққа Шерхан секілді тұлға керек кез енді келген сияқты деп ойлаймын. Шерағаң шын мәнінде өзінің аңызы мен ақиқаты арқылы ұлыларымыздың санатын байытқан ірілердің бірі!.. Біз не дейміз, мұндай қаралы сәтті Ұлы Даланың байтағында Шерханын жоқтап жатқан үлкенге де, кішіге де басу айтамыз. Жатқан жерің жайлы болсын, аға! Қазақ әдебиетінің қасиетті кеңістігінде Шерхан Мұртазаның өз биігі бар! Сол биіктен ол бізге аңыздың ақырындай болып ақиқаттанып барады! Қош, аңыздың ақырғы тұяғы!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

Арда туған азаматымыздан айырылдық

Тағы да бір ғұламамыздан, еліміздің жұлдызды жазушысы Шерхан ағамыздан айырылдық. Өмір деген осы, ақырын жылжып өтіп жатыр.

Халқына ерекше әділдігімен, айрықша ұстамдылығымен, білгірлігімен танылды. Қандай қызметте болсын, талапшылдығымен, озық ойлы іскерлігімен ұжымын алға сүйреді. Жазушы-журналист ретінде ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де еліміздің дамуына зор үлес қосты.

Алла алдынан жарылқасын, елі, жұрты аман болсын деп тілеймін.

Аягүл МИРАЗОВА

Шолпан жұлдызға жол тартты Көке!

Өзіңіз өзгешелеп жазғандай, Парижде болдыңыз – Париж түсіңізге кірмеді. Мысырда болдыңыз – Мысыр  түсіңізге кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда… Бес жыл оқыған Мәскеуде… Түсіңізге күн сайын Мыңбұлақ кірді. Түсіңізде ылғи Ақсу-Жабағылыны көретінсіз.

Мен Сізді жақында, туған күніңізде түсімде көріп ем… Тау пістелі ауылындағы мәрмәр тасқа қарап тұр екенсіз. Онда: «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған ғой.

Сол қызылкүрең мәрмәр тасқа қараған күйіңізде: «Мені Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақырып жатыр ғой…» дедіңіз күбірлеп. «Асықпасаңызшы, аға…» дегендеймін. Алайда өз даусымды өзім естімеймін, сіз де естімедіңіз. Ал бүгін…

Әдебиет әлеміндегі қазақ журналистикасындағы Мұртазаның мұнаралары мұнтаздай мұзарттар мәнзелдес. Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, қазақ қамы, алаш абыройы үшін жан күйдіре жұмыс істеді. Шерағаң – ұлт тәрбиешісі. Шығармалары да!

Үш-төрт жылдай Сіз өлім мен өмірдің арасындағы арасатта арпалыстыңыз, аға! Арыстың аты – арыс! Барыстың аты – барыс! Сіздің миыңызда, жан-жүрегіңізде былайғыларға білінбес алапаттар жүріп жатты. Барыс секілді биікте қыңқ етпес қылық танытып, жараңызды жалап, жазып, үн-түнсіз тіршілік кештіңіз.

Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады.

Ұлы Пайғамбарымыздың Ухуд тауындай көретін Тәңіртауыңыздың, Мыңбұлағыңыздың, Ақсу-Жабағылыңыздың баурайында тәніңіз тыншу табар. Ал асыл жаныңыз Таңшолпанның нұрына ұласар, Көке…

Мархабат БАЙҒҰТ

Баспасөзіміздің батыр Бауыржаны еді

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деген ақын сөзін Шерағаңа да айтуға болады. Әрине қазақ барда Шерхандар туар, бірақ олар Шерхан Мұртаза болмайды. Баспасөзіміздің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Бұл кісінің ғажаптығы – өзінің айтқанын істеген адам. Қаламы тиген қағаздың, қолы тиген газеттің бәрі көркейіп шыға келетін. Тіпті телевидениенің өзіне барған кезде де қалай құлпыртып жіберді! Таланттың аты, дарынның заты қандай! Бұл – мінез. Білім өз алдына, Құдай тағала берген дарынды, білімді іске асыру үшін мінез қажет.

«Қазақтың Шолоховы, Чеховы» деп атау бір кезде сәнге айналған еді. Оны енді қойып, өз арамыздан тауып айту керек. Егер солай айтатын болсақ, Шерағаң баспасөзіміздің Бауыржаны болды.

«Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық. Біздің жазған материалдарымызға жоғарыдан дүмпу келіп жатса, ол кісі бізді қорғайтын. Бізге пана болды. Соны сезініп, одан әрі батыл, өткір жазуға талпындық.

«Егемен Қазақстанға» келгенде газетті ерекше өзгертті. Бет жасалып алдына келгенде, еркінше бұзып, сүйекті материалдар салғызатын. Соның арқасында басылым өрледі, түрленді, бүгінгі биігіне жетті.

Енді Шерағаңдай тұлға қазақ руханиятына әне-міне кеп қалардай елеңдейтін боламыз! Бақұл бол, аяулы аға, ардақты ұстаз!

Қали СӘРСЕНБАЙ

Алдаспандай жарқылдаған сайыпқыран

Қазақ руханияты орны толмас қайғыға ұшырады. 86 жасында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Қазақ баспасөзінің өркендеп, қанат жаюына айрықша үлес қосқан қаламгер 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүние есігін ашқан.

Әр жылдары Шерхан Мұртаза тізгінін ұстаған басылым ерекше көркейіп, оқырмандардың ыстық ықыласына ие болып отырды.

1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып жемісті қызмет істеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қазақ баспасөзінің негізгі діңгектерін басқарып, оның нығаюына ерен еңбек сіңірді. Өзекті мәселелерді өткір айтып, қазақ сөзінің айбарына айналды. 12-ші және 13-шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің, 2-шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Қазақ әдебиетінің, журналистикасының ғана емес, идеологиясының қалыптасуына зор үлес қосты. Ол туралы кезінде Әбіш Кекілбайұлы «алдаспандай жарқылдаған сайыпқыран шешендердің бірі» деп бағасын беріп еді.

Ел газеті «Егеменнің» бүгінгі жеткен жетістігінде де Шерхан Мұртазаның сіңірген еңбегі ерекше. Осы басылымның көркеюіне қосқан үлесін біз ешқашан ұмытпаймыз. Шерхан Мұртазаның алдын көрген аға буын сол өнеге-үлгіні кейінгі жастарға аманаттап тапсырып келеді. Шерағаның шекпенінен шыққандардың алақан жылуын көргендер де Шерағаның шеберханасынан шыққандар боп есептеледі. Шерағадан қалған жылылық пен азаматтық ел игілігі үшін қызмет етуде бізді алға жетелей береді.

Бақұл болыңыз дүниеден дүркіреп өткен Шераға! Егеменқазақстандықтар

egemen.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.