Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан Азиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген Руслан Жапаровты жамбылдықтар ыстық ықыласпен қарсы алды.
Сайыпқыран спортшыны облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков бастаған жанкүйерлер қалаға кіреберіс қақпадан күтіп алып, «Тараз-Арена» спорт сарайының алдында жеңімпазымызға құрмет көрсетті. Шарада сөз алған басқарма басшысы Нұрбол Әбдімажитұлы жерлесіміздің ерлігіне ерекше тоқтала келе, ақ тілегін жеткізді.
– Азия ойындарында биік шыңнан көрініп, ел мақтанышына айналған жеңімпазымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл киелі мекен, Жамбыл өңірі талай толағайларды тудырды. Русланның да алар асуы әлі алда деп ойлаймын. Жапаровтың жеңісі, бәрімізге үлкен мақтаныш, – деді басқарма басшысы.
Иә, төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додада жүлдеге ие болу оңай шаруа емес екені анық. Оған қоса, Русланның қарсыластарының барлығы әлемнің кіл мықты спортшылары болғанын көзі қарақты көрермен көрді. Десе де, жампозымыз жеңіске деген жігер танытып, үздік үштіктер қатарына ілінді.
– Әрине, жеңілістен соң кімнің де болса көңілі түседі. Жартылай финалдағы қарсыласыммен бұрын кездескен емеспін. Жеңіске жетем деген сенімде болғанмын. Бірақ, Азия ойындарына ешбір ел осал спортшыларын әкелмейді. Алтын аламын деген мақсатпен келген едім. Қола медаль да жаман емес. Осындай дүбірлі бәсекеде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рақмет. Осы жүлдемді жамбылдықтарға арнаймын, – деді Жапаров.
Енді Руслан Жапаров 19 қыркүйек күні Қытай мемлекетінде алауы тұтанатын гран-при сериясында бақ сынамақ. Әлемнің 30 мықты спортшысы қатысатын бәсекеде жерлесімізге сәттілік жолдас болып, жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз.