Көпір керек, көпір… | arainews.kz

Көпір керек, көпір…

Тастақтық тұрғындар үшін теміржолдан өту қауіпті болып тұр

287

Құрылысы өткен ғасырдың 1948 жылы аяқталған Бурыл станциясы сол тұста Тараз қаласының шетінде орналасқан болса, бүгінде шаһардың құрамдас бір бөлігіне айналып кеткен. Оның үстіне бұл нысанның облыс экономикасы үшін маңызы өте зор. Өйткені, өңірге келетін негізгі жүк пойыздары осында тоқтап, тонналаған дүниелер жер-жерге тарайды.

Бір қызығы, әу бастан станцияда жаяу жүргіншілерге арналған өткел қарастырылмаған. Бәлкім, ол уақытта қазіргідей қым-қуыт қозғалыс болады деп ешкім ойламаған шығар. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, қазір нысан аумағы қарбаласқа толы. Әсіресе, ары-бері қатынайтын жаяу жүргіншілер қатары қалың. Ел ішінде «Тастақ» аталып кеткен бұл аймақта бүгінгі күні алты мыңға жуық адам тұрады. Олардың қала орталығына баруы үшін теміржолды кесіп өтуіне тура келеді.
Бір ғана мысал, Қапал көшесі арқылы жүретін №44,41 бағыттағы қоғамдық көліктер тастақтық тұрғындарды аталған станция маңынан қалдырады. Одан түскен жолаушылар басын бәйгеге тігіп, болат жолдың бойымен үйлерін бетке алады.
Алайда, тәуліктеп тоқтап тұратын вагондар тұрғындардың арлы-берлі қатынауына үлкен кедергісін келтіріп-ақ тұр. Сондықтан, ондағы жұртшылық пойыздың астынан өтуге мәжбүр. Жасы үлкендер сақтық шараларын сақтай отырып, бір амалын табар. Ал, №53 және №44 орта мектептерде оқитын жас жеткіншектердің жайын кім ойлайды?. Ойын баласының ойда-жоқта оқыс оқиғаға тап болмасына кепілдік бере алатындар бар ма?
Осы орайда, станция маңында тұратын тұрғындар теміржолдың үстінен өтетін аспалы көпір салынса деген өтінішін жеткізіп отыр. Халық тығыз орналасқан елді мекендердегі секілді мұнда да қауіпсіздік мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөлінуі қажет.
– Бұл алқап шеткерірек орналас­қандықтан, назардан тыс қалып жатады. Көптен бері көтеріліп келе жатқан күрмеуі қиын мәселенің бірі осы станциядағы жол өткелі еді. Ол қалалық мәслихат депутаты Нариман Мәуленовтың демеушілігімен салынды. Дегенмен, бізге теміржолдың үстінен өтетін аспалы көпір қажет. Осы жерден мектеп жасындағы балалардың аяғы рельске қысылып қалып, пойыз қағып кеткен жағдайлар да орын алып жатыр. Қайғылы жағдай қайталанбас үшін аспалы көпірдің салынатын уақыты жетті. Жалпы, осы теміржол арқылы балаларым сабаққа, немерелерім балабақшаға, біз күнделікті жұмысқа барамыз. Әр өткен сайын шыбын жанымызды шүберекке түйіп өтеміз десек те болады, – дейді «Тастақ» аумағында 33 жылдан бері тұрып келе жатқан тұрғын Бибіхан Бекбаева.
Білгеніміздей, осы округтен сайлан­ған қалалық мәслихат депутаты Нариман Мәуленов өткен мамыр айында теміржол үстіне жаяу жүргіншілер жолын салып беріпті. Бұл өткел тұрғындардың ары-бері қатынауына жеңілдік тудырғанымен, қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз ете алмайтыны айдан анық.
– Рельстер орналасқан аумақтың тастақ болып келетіндігін ескерсек, жүріп-тұруымыз айтарлықтай мұң болатын. Халық қалаулысы осы жағдайымызды ескеріп, өткел салып берді. Әрине, оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, халық санының жыл санап көбейіп келе жатқандығын ескеріп, аспалы көпір салмаса болмайды, – дейді тағы бір тұрғын Бақыт Ерғали.
Ал, станция бастығы Айдын Сейтбенбетов­­­тың айтуынша, мұнда жүк тиеу және түсіру жұмыстары тәулік бойы толас таппайды. Тіпті, кейде бір күнде отыз вагонға дейін жүк түсіріледі екен. Тиелетін тауар көлемі де аз емес. Сондай-ақ, күніне екі рет «Жамбыл-Жаңатас» бағытындағы жолаушылар пойызы алыс жолға шығады. Осыған қарап-ақ, станциядағы тіршіліктің қарбаласқа толы екенін аңғаруға болады.
Біз тұрғындарды толғандырған түйткілден қалалық әкімдік хабарсыз деп айта алмаймыз. Осы орайда, қолға алынып жатқан шаралар бойынша Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов­пен де, оның осы салаға жауапты орынбасарымен де тілдеспекке талпынып көрдік. Бірақ, мардымды жауап есту мүмкін болмады. Қайткен күнде де қауіпсіздік үшін шырылдап жүрген жұртшылықтың жанайқайы аяқсыз қалмайды деп ойлаймыз.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.