Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Сапарбеков Мақсат Махумбетанапияұлы
№3 бірмандаттық аудандық сайлау округі
Өмірбаян
Мен, Сапарбеков Мақсат Махумбетанапияұлы, 1990 жылы 11 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қарасу ауылдық округіне қарасты Ащыбұлақ ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары.
2011 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2012 жылы Ащыбұлақ ауылдық клубында музыкант болып бастадым. Осы жылдар ішінде мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға, ауылдың қоғамдық-мәдени өмірін жандандыруға және жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға өз үлесімді қостым. 2025 жылдан бастап Жамбыл ауданы Шайдана ауылындағы №5 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келемін.
Педагогикалық қызметімде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді, оқушылардың бойында отансүйгіштік рухты, азаматтық жауапкершілікті, тәртіп пен елге қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруды басты міндетім деп санаймын.
Сайлауалды бағдарламасы
ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ МЕН АМАНАТЫН БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫН!
Құрметті сайлаушылар!
Алда алар асулар, халық игілігі үшін атқарылар жұмыстар көп. Сондықтан да осы жолда ынтымақта болуға сіздерді шақырамын. Сіздердің тараптарыңыздан маған керегі – қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз.
Менің басты мақсатым:
– ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркеюі мен гүлденуіне белсене атсалысып, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргіземін. Ауыл тұрғындарының талап-тілегі мен ұсыныстарын назарға алып, өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етемін;
– ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға, халықтың табыс көздерін көбейтуге және ауыл шаруашылығы саласын дамытуға күш саламын. Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік мәселелерді шешуді басты назарда ұстаймын;
– округіме қарасты ауылдардағы білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер алдында нақты ұсыныстар мен депутаттық сауалдар жолдаймын;
– ауыл азаматтарының, әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топ өкілдерінің кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіп, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен өзге де қаржылай қолдау тетіктерін алуына жәрдемдесемін. Кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қажетті ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдаудың қолжетімді болуына назар аударамын;
– округке қарасты елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу, жолдардың сапасын жақсарту, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көше жарықтандыру жүйесін жаңарту, қоғамдық орындарды абаттандыру және балалар ойын алаңдарын көбейту мәселелерін тұрақты көтеремін. Мәдениет үйі, мектеп, медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарын қолдаймын;
– балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қолжетімділігін арттыру, балабақша тапшылығын азайту, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін көтеремін. Мектептер мен балабақшалардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, оқу кабинеттері мен спорт залдарының жаңартылуына, білім беру ұйымдарына баратын жолдардың қауіпсіздігіне басымдық беремін;
– ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың мүддесін қорғап, оларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлемін. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді заң талаптарына сәйкес тиімді пайдалану арқылы мал шаруашылығын дамытатын азаматтардың жайылымға қол жеткізуіне ықпал етемін. Ветеринариялық инфрақұрылымды жетілдіру, мал ауруларының алдын алу, ветеринариялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргіземін;
– ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, көшелердегі қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелерін тиісті органдармен бірлесе отырып шешуге атсалысамын. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне, мектеп маңындағы жол қозғалысын реттеуге және жарықтандыруды жақсартуға көңіл бөлемін.
Құрметті жерлестер!
Мен үшін депутаттық қызмет – халықтың сенімін ақтау, елдің мұң-мұқтажын жеткізу және туған ауылдың өркендеуіне нақты үлес қосу. Сондықтан тұрғындармен әрдайым ашық байланыста болып, көтерілген мәселелердің шешілуіне табандылықпен атсалысамын. Халықтың сенімі мен аманатын бәрінен жоғары қоямын!
Тапсырыс беруші: Жамбыл аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Сапарбеков М.М.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары
есебінен төленді.
Comments are closed.