«Әділет» партиясы ұстаздардың білім сапасына қатысты ұсыныстарын тыңдады — arainews.kz

«Әділет» партиясы ұстаздардың білім сапасына қатысты ұсыныстарын тыңдады

7

Таразда «Әділет» партиясының «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңында білім сапасына әсер ететін нақты мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. 100-ден астам педагог қатысқан кездесуде жас мамандардан бастап тәжірибелі ұстаздарға дейін сабақ сапасы, мұғалімнің жүктемесі, мектептің материалдық базасы, оқу сауаттылығы және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жақсы сабақтың артында не тұр? Бір қарағанда, жауап қарапайым: білімді мұғалім, дұрыс әдіс және ынталы оқушы. Алайда мектептегі күнделікті тәжірибеге үңілсек, мәселе әлдеқайда күрделі. Мұғалімнің уақыты, оқу бағдарламасының мазмұны, оқулық сапасы, мектептің техникалық мүмкіндігі, ата-анамен байланыс және жаңа технологияларды қолдану деңгейі де білім сапасына тікелей әсер етеді.

Бұл мәселелердің барлығы 5 қазанда Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында өткен «Жақсы оқытуға не көмектеседі, не кедергі?» атты дөңгелек үстелде ашық айтылды. Кездесуде педагогтер жалпы пікірмен шектелмей, өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді.

Жас маман Диас Жанабаев үшін сабақтағы жаңа мүмкіндіктердің бірі жасанды интеллектімен байланысты. №66 «Келешек» мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ChatGPT құралдарын сабаққа қосымша материал дайындау үшін ғана емес, оқушыға күрделі тақырыпты түсіндірудің жаңа тәсілдерін іздеу үшін қолданатынын айтты.

Мәселен, ол ағылшын тіліндегі идиоманы түсіндіру үшін «Smart cookie» атты оқу кейіпкерін жасап, оның негізінде мультфильм, чек-лист, комикс және презентациялар әзірлеген. Мұндай тәсіл 3 және 5-сынып оқушыларына тақырыпты жеңіл әрі қызықты түсіндіруге мүмкіндік берген.

Ұстаздың айтуынша, жасанды интеллектіні тек ҚМЖ, презентация немесе тест дайындауға арналған құрал ретінде қабылдауға болмайды. Ол мұғалімнің шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, сабақты ұйымдастырудың жаңа жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

Цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесімен тарих пәнінің жас мұғалімі Мағжан Махаметжан да бөлісті. Оның айтуынша, мұғалімнің жаңа тәсілдерді меңгеруіне мектептегі жағдайдың да әсері бар.

№66 «Келешек» мектебінде әр кабинет интерактивті тақтамен, мұғалімдердің жеке компьютері мен принтерімен жабдықталған. Бұған қоса мектепте робототехника кабинеті, бейнестудия және коворкинг кеңістігі бар.

Мұндай орта жас педагогке өз идеясын тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді. Мағжан сабақ барысында жасанды интеллектіні тарих және құқық пәндерінде қолданатынын айтып, 1730 жылғы Аңырақай шайқасына арналған кинематографиялық сценарийді Google Flow платформасы арқылы әзірлегенін көрсетті. Сонымен бірге бастауыш сынып оқушыларына арналған интернет қауіпсіздігі бойынша жұмыс дәптерін дайындаған.

Дегенмен мұғалім үшін технология мақсат емес, құрал. Педагог жасанды интеллект ұсынған материалды оқулықпен және оқу бағдарламасымен салыстырып, тексеріп барып сабақта қолданатынын атап өтті.

Жасанды интеллект пен заманауи құралдар бір мәселені көрсетсе, педагогтердің келесі ұсыныстары білім сапасына әсер ететін күнделікті жұмыс жағдайларына қатысты болды. Атап айтқанда, мұғалімнің уақыты, әдістемелік қолдауы және оқу жүктемесі сөз болды.

Педагог Рахия Есеева мұғалімнің кәсіби дамуы тек оның жеке ізденісіне байланысты болмауы керектігін айтты. Оның пікірінше, әдістемелік жұмысты ұйымдастыруға директордың әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарымен қатар, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, әдістемелік бірлестік жетекшілері, тәлімгерлер мен тәжірибелі ұстаздар да белсенді қатысуы қажет.

Ол мұғалімнің уақытын алатын есептілік пен қағазбастылық мәселесіне де тоқталды. Бақылау, мониторинг, қалыптастырушы және жиынтық бағалауға байланысты жұмыстар педагогтің негізгі міндеті, яғни балаға сапалы сабақ беруге жұмсайтын уақытын қысқартатынын айтты.

Оқу бағдарламасының көлемі мен оқулықтардың сапасы да назардан тыс қалмады. Рахия Есеева бір тақырыптың әртүрлі оқулықта әрқалай берілуі мұғалім мен оқушыға қосымша қиындық туғызатынын атап өтті. Оның пікірінше, оқулық мазмұнына қойылатын талаптарды күшейтіп, оқу материалдарын сапалы сараптау қажет.

Тағы бір маңызды мәселе ретінде ол оқушының апталық оқу жүктемесін қайта қарауды ұсынды. Гимназиялардағы тереңдетілген пәндер мен ұзартылған сабақтар оқушының мектепте ұзақ уақыт болуына алып келуі мүмкін. Ал екі ауысымды мектептерде бұл жағдай тамақтану мен демалыс уақытына да әсер етеді.

Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Мырзабекова білім сапасының тағы бір маңызды қырына, оқушының ақпаратпен жұмыс істеу қабілетіне назар аударды.

Оның айтуынша, бүгінгі оқушы бұрынғыдан әлдеқайда көп ақпаратпен жұмыс істейді. Сондықтан мектепте жай ғана мәтінді оқып шығу жеткіліксіз. Оқушы ақпаратты тауып, салыстырып, талдап, қорытынды жасап, өз пікірін дәлелдей алуы керек.

Осыған байланысты педагог «Оқу сауаттылығы навигаторы» құралын әзірлеуді ұсынды. Оның идеясында бұл оқушы үшін оқу стратегияларының картасы, ал мұғалім үшін оқушының қандай кезеңде қиналып тұрғанын анықтап, келесі қадамды жоспарлауға көмектесетін әдістемелік құрал болуы тиіс.

Педагогтің пікірінше, оқу сауаттылығы тек қазақ тілі немесе әдебиет сабағының міндеті емес. Мәтінмен жұмыс барлық пәнде жүйелі қолданылса, ол мектептің ортақ оқу мәдениетіне айналады.

Осылайша, бір алаңда айтылған пікірлер білім сапасына әсер ететін мәселелердің ауқымы кең екенін көрсетті. Бір мұғалім үшін негізгі мәселе технологияға қолжетімділік болса, екіншісі үшін уақыт тапшылығы, үшіншісі үшін оқушының мәтінді түсініп, талдай білуі маңызды. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ мәселе бар: мұғалімге сапалы жұмыс істеуге жағдай жасау.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов кездесуде айтылған ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Бүгін ұстаздар өз тәжірибесімен ғана бөлісіп қойған жоқ, білім беру саласындағы нақты мәселелер мен оларды шешуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Бұл пікірлер назардан тыс қалмайды. Республикалық алаңда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жинақталып, тиісті деңгейде жоғары алаңдарға шығарылып, білім беру саласын жетілдіруге бағытталған жұмыстарда ескерілетін болады», – деді «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов.

«Ұстаз айтса» диалог алаңының ерекшелігі де осында. Мұнда білім беру саласы сырттан бағаланған жоқ. Керісінше, мектептің күнделікті тынысын білетін педагогтердің өзіне сөз беріліп, олардың тәжірибесі мен ұсыныстары ортаға салынды.

Жүзден астам ұстаздың пікірі бір нәрсені көрсетті: жақсы оқыту тек мұғалімнің жеке шеберлігімен өлшенбейді. Оған сапалы оқу материалы, қолайлы жұмыс ортасы, заманауи құрал, оқушының оқу дағдысы және педагогтің өз жұмысына уақыт таба алуы қатар әсер етеді.

Ал мұндай өзгерістердің бастауы, ең алдымен, ұстаздың сөзін тыңдап, оның нақты ұсынысын шешім қабылдау деңгейіне жеткізуден басталады.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.