Жат ағымдар жетегіне ергендерді құрдымға жетелейді. Олардың ұстанымы халқымыздың сан ғасырлық діни сеніміне, таным-түсінігіне мүлде қарама-қайшы. Ең қатерлісі, осы кереғар ағымдардың, деструктивті топтардың үгіт-насихаты. Сол себепті де азаматтардың діни ақпараттың анық-қанығына көз жеткізуі, жалпы діни сауатын арттырғаны абзал.
Бұл ретте, елімізде асыл дінімізге жат топтардың ықпалымен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Мұндай жұмыстар түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар арасында да жүйелі түрде өткізіліп отырады. Осы бағыттағы шараның бірі Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемесінде өтті. Мекеме теологтары және жасақ бастықтарының ұйымдастыруымен өткен шара аясында сотталғандардың назарына «Сағым» фильмін ұсынылды.
Осылайша жазасын өтеушілер жат ағым өкілдерінің кері әсерімен шаңырағы шайқалып, тағдырын тас-талқан еткен жігіттің оқиғасы бейнеленген туындыны тамашалады. Бұл көркем фильм – еліміздегі жас жеткіншек, өскелең ұрпаққа өмірлік сабақ бола білетін және бақыт пен бақытсыздық жолын ажырата білуге ұйытқы болатын кино. Фильмде зорлық-зомбылық, бейәдеп көріністер орын алмайды. Тартысты тағдыр, өнегелі өмір, дәстүрлі құндылық, биік адамгершілік қасиеттер сапалы көрсетілген. Сондай-ақ, бүгінде арамызға сынадай енген жат ағымдар мен мысықтілеу миссионерлердің қоғамға келтіріп жатқан зардаптары дөп басып жеткізілген. Сондай топтарға сауатсыздықпен алданып, өкініштен өзегі өртенгендер кинода нақты, боямасыз көрініс тапқан. Көпшілік көкейінде жүрген, бүгінгі қоғамның дерті болған радикалды топтардың қазақ жастарының санасын улап, талай шаңырақты ортасына түсіргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл киноға түрткі болған негізі – аналардың көз жасы. Баласы жат ағымның жетегінде кеткен ананың мұңы, шері сапалы көрсетілген туынды көпшіліктің көңілінен шықты.
Сотталғандар арасында дәстүрлі дінді түсіндіру, жат ағымдардың әкелер зардабын түсіндіруге бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.