Тараз қалалық №3 пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант ұтып алды. Ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Бизнестің жол картасы -2025» жобасы арқылы 3 айлық курсты тәмамдап, нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа қол жеткізді.
— Пробация қызметкерлерінің көмегімен аталған жоба бойынша 3 ай оқып, қолыма сертификатымды алдым. Білікті мамандардан тәлім алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алдыма қойған арманым, жоспарым бар. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында мал шаруашылығын ашып, кәсібімді дөңгелетсем деген ойдамын, – дейді есептегі азамат.
Жалпы, қазіргі таңда дәл осы пробация бөлімінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант алуға тағы 15 сотталған азамат ниет білдірді. Олардың бірі — шағын ағаш өңдеу цехын ашуды көздесе, екіншісі – құрылыс саласында сметалық жоба әзірлеуді қолға алмақ. Тағы бірі – шаштараз сынды жеке кәсіптерін ашып, ел игілігіне жұмыс жасауды жоспарлап отыр.