Алаш ардақтысының жолы – ұрпаққа өнеге | arainews.kz

Алаш ардақтысының жолы – ұрпаққа өнеге

268

Облыс орталығындағы «Достық» үйінде алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және тәуелсіздік құндылығы» тақырыбында жас ғалымдар арасында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тәуелсіздікке дейінгі терең тарихымызды, алаш қайраткерлерінің дара ерлігін насихаттай отырып, тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерді саралау және дәріптеу, өскелең ұрпақты тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы жолында білім алуға, еңбек етуге баулу мақсатында ұйымдастырылған шараға білім беру ұйымдарының, республикалық маңызы бар мектептердің, халықаралық мектептердің педагогикалық қызметкерлері, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, студент, магистрант, докторанттары, PhD докторлары және колледж оқытушылары қатысты.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйым­дас­тырған конференция үш, атап айтқанда «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: Азаттық үшін күрес»; «Қазақстан жолы. Тәуелсіздік дәуірі»; «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ғылым мен техниканың,
IT тех­нологиялардың дамуы» бағыттары бойынша өрбіді. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Ұлы дала ұрпағына ұлағатты ұран, өшпес өнегелі із қалдырып кеткен Әлихан Бөкейханның парасатты ұстанымы әрбір жалынды жас үшін үлкен үлгі болып қала бермек.
Бұл тұста бүгінгі сабақтастықты сан салада жалғап келе жатқан жастардың да өзіндік үні, айтары бар. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жүргізіп отырған басқосу барысында конференция қатысушылары алаш ардақтысына, тәуелсіздігіміздің баянды болашағына қатысты оралымды ойларын ортаға салды. Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Бақтияр Бекназаров өр тұлғаның өнегелі жолы мен ана тілінің тағдырына тоқталса, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров азаттық таңын аңсап өткен алаш арыстарының тар жол, тайғақ кешулерін һәм тәуелсіздік дәуірінің өрлеуін сөз етті. Сол секілді шараға «Zoom» желісі арқылы қатысқан Түркия Республикасы Муғла қаласындағы Сыткы Кочман университеті Түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің магистранты Қанат Әшірқұлов та өз пікірімен бөлісті.
Шара барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті, жас ғалым Е.Нүсіпжанов, Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің төрайымы Г.Қадырбекқызы осы тақылеттес баяндамаларын көпшілікке жеткізді.
Пленарлық мәжілістен кейін конференция қатысушылары секция бағыттарына сәйкес өздерінің ғылыми жұмыстарын қорғады. Қазылардың саралауынан кейін конференция жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сертификаттар мен дипломдар, арнайы сыйлықтар электронды пошта арқылы жөнелтілді.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.