Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік — arainews.kz

Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік

5

№6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Мелдебекова Карлыгаш Ергебековна

Өмірбаяным

Құрметті жерлестер!

Мен, Мелдебекова Карлыгаш Ергебековна, 1972 жылғы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы, Тараз қаласында тұрамын. Ұлтым – қазақ.
Екі жоғары білімім бар. Атап айтқанда, 1997 жылы Семей мемлекеттік университетін инженер мамандығы бойынша тәмамдадым. 2007 жылы «Әулие-Ата» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірдім.
Еңбек жолымды 1997 жылы «Строитель» ЖШС-де еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер маман болып бастадым. Кейінгі жылдары «Қазпошта» АҚ жүйесінде жетекші маман, бас маман, ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы, кадр бөлімінің басшысы және трансфер-агенттік қызмет бөлімінің басшысы лауа- зымдарында еңбек еттім. 2019 жылы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» ШЖҚ КМК-де еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер қызметін атқардым.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімдігінің «№4 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер болып жұмыс істеймін.
Көпжылдық еңбек тәжірибемнің басым бөлігі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласына, сондай-ақ спорт және білім беру нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жылдар ішінде жауапкершілік, тәртіп пен кәсіби біліктілікті басты ұстаным етіп келемін. Жұмыс барысында ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен, жаттықтырушылармен және қоғам өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, балалар спортының дамуы мен жас ұрпақтың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөлемін.
Үш баланың анасы, төрт немеремнің әжесімін.
Жинақтаған білімім мен еңбек тәжірибемді қоғам игілігіне бағыттап, азаматтардың мүддесін қорғауға, балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өңіріміздің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосуды мақсат етемін.

Сайлауалды бағдарлама

Қадірлі сайлаушылар!

Менің ұстанымым – тұрғындарды тыңдау, мәселені жан-жақты зерделеу және оның орындалуын бақылау. Сайлауалды бағдарламам Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, адам қауіпсіздігіне, балалар мен жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, сапалы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Әр бастама нақты қажеттілікке сүйеніп, қолданыстағы заңнама мен облыстық бюджеттің мүмкіндіктері шегінде жүзеге асуына күш саламын.

Еңбек қауіпсіздігі және азаматтардың құқығын қорғау

Еңбек қауіпсіздігі – әр адамның өмірі мен денсау- лығына тікелей қатысты мәселе. Қызмет еткен салаларымда қауіпсіздік талаптарының сақталуы, қызметкерлердің құқықтары мен жұмыс жағдайы қандай маңызды екенін тәжірибеден көрдім. Сондықтан облыстағы кәсіпорындарда, коммуналдық мекемелерде, білім беру және спорт ұйымдарында қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға басымдық беремін.
• Еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейтуге және жауапты органдардың профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуіне ықпал ету;

Білім беру ортасы және жас ұрпақтың дамуы

Баланың сапалы білім алуы мен қауіпсіз ортада дамуы – өңірдің болашағына салынған инвестиция. Білім беру ұйымдарының жағдайы тек оқу сапасымен шектелмейді. Мектеп ғимаратының қауіпсіздігі, санитариялық ахуал, спорт және шығармашылық үйірмелердің болуы да маңызды.
• Білім беру ұйымдарының ғимараттарын, инженерлік желілерін және санитариялық жағдайын жақсарту бойынша өзекті мәселелерді облыстық деңгейде көтеру;
• Мектептер мен колледждерде кәсіби бағдар беру, еңбек қауіпсіздігі мәдениеті және құқықтық сауаттылық бойынша кездесулер ұйымдастыруға қолдау білдіру;
• Ауыл балаларының қосымша білімге, спорттық және шығармашылық үйірмелерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал ету;

Экология және таза ауа – тұрғындар денсаулығының кепілі

Адам өмірінің қауіпсіздігі тек еңбек пен қоғамдық орындардағы жағдайға ғана емес, қоршаған ортаның тазалығына да тікелей байланысты. Әсіресе Тараз қаласының экологиялық ахуалы, атмосфералық ауаның сапасы – тұрғындардың денсаулығына әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Қаламыздың ауасы таза болуы үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп, экологиялық талаптардың сақталуы тұрақты бақылауда болуы қажет.
Осы бағытта:
• Тараз қаласындағы атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесін облыстық деңгейде тұрақты көтеру;
• Қалалық экология басқармасымен және тиісті жауапты мекемелермен тығыз байланыс орнатып, ауаның ластану себептерін анықтау және оның алдын алу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге ықпал ету;
• Өндіріс орындарының экологиялық талаптарды сақтауына, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын азайтуға қатысты қоғамдық бақылау мен түсіндіру шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізу;
• Ауа сапасына жүргізілетін мониторинг нәтижелерінің тұрғындарға ашық әрі қолжетімді болуын қолдау;

Әйелдердің әлеуметтік жағдайын қолдау

Әйелдердің қоғамдағы орны ерекше. Олар отбасының ұйытқысы болумен қатар, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, елдің дамуына зор үлес қосып келеді. Әсіресе көп жыл бойы еңбек еткен, бала тәрбиесі мен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген әйелдердің зейнетке шығу мәселесі әлеуметтік тұрғыдан маңызды деп санаймын. Әйелдердің денсаулығын, еңбек өтілін және отбасылық міндеттерін ескере отырып, зейнет демалысына ертерек шығу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Осы бағытта:
• Әйелдердің зейнет жасын төмендету немесе зейнетке ертерек шығу мүмкіндіктерін қарастыру жөніндегі мәселені республикалық деңгейде көтеру;
• Көп жыл еңбек еткен, ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген әйелдерге қатысты зейнетақы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
• Зейнет жасына жақындаған әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту мәселелерін назарда ұстау;
• Әйелдердің зейнетақы жүйесіне қатысты құқықтық сауаттылығын арттыру және қолданыс- тағы әлеуметтік қолдау тетіктері туралы ақпараттандыру жұмыстарын қолдау.

Құрметті сайлаушылар!

Менің басты мақсатым – қауіпсіз ортада өмір сүретін, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізетін, спортпен және қоғамдық өмірмен еркін айналыса алатын тұрғындарға жағдай жасау. Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтау жолында әр азаматтың үнін естіп, ортақ мүдде үшін адал қызмет етуге дайынмын.

№6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Мелдебекова К.Е.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Comments are closed.