Ерлан Қарин: Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының анық қолтаңбасы бар - arainews.kz

Ерлан Қарин: Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының анық қолтаңбасы бар

1
«Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақтөбе облысының активімен кездесу өткізді. Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата Заң жобасының әзірлену барысы туралы мазмұнды мәліметтер ұсынды.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың бастамашысы болып қана қоймай, Конституция мәтініндегі бірқатар негізгі нормалардың тікелей авторы болған. Мемлекет басшысы құжаттың әрбір ережесіне мұқият қарап, тұжырымдардың дәлдігіне айрықша мән берген.

Ерлан Қарин Президенттің мәтінмен жұмыс істеу мәдениетіне тоқталып, оның «Егемендік» және «Тәуелсіздік» ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жай ғана стилистикалық тәсіл емес, ел басшылығы ұстанатын қағидатты көзқарастың көрінісі. Жаңа Конституция мәтінінде де осы ұстаным сақталған.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президенттің мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі мол тәжірибесі әрбір сөздің салмағын терең түсінуге мүмкіндік беретінін айтты. Ұзақ жылдар Парламентте, Үкіметте және халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған тәжірибесі құжат әзірлеуде маңызды рөл атқарған.

Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа Преамбула Мемлекет басшысының тұжырымдамалық тезистері негізінде дайындалған. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар жаңа нормалар да Президенттің бастамасымен енгізілген.

Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылғаны айтылды. Құжатты талқылау жарты жылға созылып, қоғам өкілдері, сарапшылар мен саяси ұйымдардан түскен мыңдаған ұсыныс ескерілген.

Ерлан Қариннің пікірінше, Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының айқын қолтаңбасы бар және оны құжаттың негізгі авторларының бірі деп атауға толық негіз бар.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.