Цифрлық қызмет көрсету: 2025 жылы бейнеқоңырау арқылы 72 мыңнан астам өтініш қабылданды - arainews.kz

Цифрлық қызмет көрсету: 2025 жылы бейнеқоңырау арқылы 72 мыңнан астам өтініш қабылданды

5

Бүгінде «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы көрсетілетін бейнеқоңырау форматында 79 мемлекеттік қызмет қолжетімді. 2025 жылы бұл сервис арқылы 72 мыңнан астам өтініш қабылданғанын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Бейнебайланыс нақты уақыт режимінде жұмыс істейді: оператор бейнеқоңырау арқылы кеңес береді, құжаттарды толтыруға көмектеседі және өтінішті онлайн қабылдайды. Бір бейнеқоңыраудың орташа ұзақтығы 5–15 минутты құрайды, бұл көптеген мәселені жедел шешуге мүмкіндік береді.
Бейнеқоңырау арқылы 79 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың қатарында соттылығы туралы анықтама алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу және көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау сияқты қызметтер бар.
Қызметті пайдалану үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын ашып, «ХҚКО қызметтері» бөліміне өтіп, «Бейне қызметі» бөлімшесін таңдап, «Бейне қоңырауға өту» батырмасын басу қажет. Оператор кеңес беріп, өтінішті рәсімдейді, ал нәтижесін қосымшадағы чат арқылы немесе дайын құжатты ХҚКО бөлімшесінен алуға болады.
Бейнеқызмет шалғай елді мекендердің тұрғындарына және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сервис мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясының бір бөлігі болып табылады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде басты назар азаматтарға ыңғайлы әрі сапалы қызмет ұсынуға бағытталған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.