64 жастағы марафоншы | arainews.kz

64 жастағы марафоншы

189

Бүгінде спортты жанына серік еткен жандардың қатары күн санап артпаса, кеміген емес. Әсіресе, жастар мен аға буын өкілдерінің таң сәріден жүгіріп немесе спорт кешенінде жаттығып жатқанын жиі көретін болдық. Міне, сондай жанның бірі – зейнеткер-марафоншы Жақсылық Мамырбекұлы.

Талас ауданында 12 жыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған қария бүгінде «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ында жүк тиеуші болып жұмыс істейді. Бала кезінен спортқа жаны құмар болған ол әлі күнге жаттығудан қол үзбеген. Алпыстың асуынан асқан азамат соңғы 2 жылдың ішінде бірнеше марафонға қатысып та үлгерген. Бүгінгі таңда оның қоржынында 7 медаль бар.
Қазыналы Қаратау өңірінің тумасы Жақсылық ақсақал Тараз қаласына осыдан 10 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде зейнеткер аптасына 2 рет жүгіруді дағдыға айналдырған. Ауа райының ыстық-суығына қарамастан зейнеткер спортшы 3 шақырымнан 50 шақырымға дейін еш қиналмай жүгіре алады. «Алма ағашынан ұзап түспейді» дегендей, бүгінде қарияның 4 немересі – Абылайхан, Мақпал, Бақтияр, Нұрай да аталарымен бірге марафондарға қатысып келеді.
Қарт марафоншы дене шынықтырып қана қоймай, еліміздегі дүбірлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Бақ сынаған додаларындағы ең үлкен олжасы – 2017 жылы Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрметіне орай ұйымдастырылған халықаралық марафон. Спортшы айтулы марафонға немерелерімен қатысыпты.
Өткен аптаның аяғында, Бүкіләлемдік қант диабетімен күрес күні қарсаңында Алматы қаласында күзгі жүгіру жарысы өткен болатын. «Спорт – денсаулық кепілі» деген өмірлік қағиданы ұстанған Жақсылық Мамырбекұлы аталған марафонға да немерелерімен бірге қатысып келді.
– Спорт жас таңдамайды. Құлшыныс болса 60-70 тіпті, 80 жасқа келіп те салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға болады. Ең бастысы – ниет. Өсіп келе жатқан ұрпаққа айтарым, жалқаулықтан арылыңыздар! Әрбір адам денсаулықтың қадірін бағалай білу керек. Өз немерелерімнің санасына спорттың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін сіңіре алдым. Ал, марафонға қатысып, жастарға үлгі көрсетуді парызым деп санаймын, – дейді зейнеткер Жақсылық Мамырбекұлы.
Спортпен айналысудың ерте-кеші жоқ деген осы. Дене шынықтыруды жанына серік еткен қарт марафоншының қадамы шынында да өзгелерге үлгі,өнеге екендігі даусыз.

Нұргүл Есмаханова

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.