№1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
бойынша Сарысу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Балғабай Бауыржан Берікбекұлы
Өмірбаяным
Құрметті жерлестер!
Мен, Балғабай Бауыржан Берікбекұлы, 1993 жылғы 26 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім. 2011 жылы Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясын тәмамдадым. Жоғары білімді Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетінде (Нархоз) алып, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірдім.
Еңбек жолымды 2015 жылдың қазан айында Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында бастадым. 2016 жылдың сәуір айына дейін осы салада тәжірибе жинақтап, сол жылдың шілде айынан бастап Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жастар ісі жөніндегі инспектор қызметіне орналастым. Аталған мекемеде 2019 жылдың маусым айына дейін еңбек етіп, жастармен жұмыс жүргізу бағытында тәжірибе қалыптастырдым.
2019 жылдың маусым айынан 2020 жылдың шілде айына дейін Сарысу ауданы әкімінің аппаратында аударма жөніндегі редактор болып қызмет атқардым. 2020 жылдың қыркүйек айында қайтадан «Жастар ресурстық орталығы» КММ-не оралып, жастар ісі жөніндегі инспектор қызметін жалғастырдым. 2023 жылдың сәуір айынан 2024 жылдың тамыз айына дейін осы мекеме директорының орынбасары лауазымында жұмыс істедім. Кейін 2024 жылдың тамыз айынан 2025 жылдың ақпан айына дейін жастар ісі жөніндегі инспектор қызметін атқардым.
2025 жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында «Жамбыл облысы білім басқармасы Сарысу ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде іс жүргізуші болып еңбек еттім. Сол жылдың сәуір айынан қазан айына дейін Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры қызметін атқардым. 2025 жылдың қараша айынан 2026 жылдың ақпан айына дейін «Сарысу ауданы бойынша мансаптық орталық» филиалының Жұмыс берушілерді қолдау секторының жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жөніндегі маманы болып жұмыс істедім. Ал 2026 жылдың маусым айынан бастап Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Сарысу медиа орталығы» КММ-де «Адалдық алаңы» жобасының талдаушысы қызметін атқарып келемін.
Республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының Сарысу ауданындағы өкілі ретінде қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға үлес қосып келемін. Соның ішінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Тегін такси» секілді әлеуметтік жобаларды ұйымдастырып, қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға күш салдым.
Қоғамдық және еріктілік қызметтегі еңбегім бірқатар марапаттармен бағаланды. Атап айт- қанда:
2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша жеңімпазы атандым. Сол жылы жастардың мәдени дамуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған Жамбыл облыстық «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасында жеңімпаз атандым.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталдым. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Алғыс хатына ие болдым. Осы жылы «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығының «Үздік жас волонтер» номинациясы бойынша жеңімпазы атандым.
Сайлауалды бағдарлама
Мен үшін туған жердің дамуына үлес қосу, елдің мұң-мұқтажына құлақ асу және қоғамға пайдалы істер атқару – басты азаматтық ұстаным. Мемлекеттік қызмет пен жастар саясаты саласында жинақтаған тәжірибемді, білімім мен күш-жігерімді Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелердің шешілуіне бағыттауды мақсат етемін.
Бағдарламаның негізгі бағыттары
1. Бірінші байлық – денсаулық
Халықтың денсаулығын арттыру мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаның жаңартылуына атсалысамын;
2. Балалар – біздің болашағымыз
Мен түсіп жатқан аймақта балаларға арналған ойын және спорт алаңшаларының сапалы және балалар үшін қолайлы жерде салынуына, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында жол белгілерін (жол кедергілердің) тиісті орындарға орналастыруға атсалысамын;
3. Қаламыздағы басты мәселенің бірі қоқыс
Аймақтағы қоқыс орындарының санын көбейтумен қатар орналасқан жерін кеңейту мәселесін қарастыратын боламын. Сонымен қатар, тұрғындарға қоқысты бей-берекет шашпау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, таза ауланы қалыптастыруға бар күшімді саламын.
4. Ауданымызда спорт саласында жетістікке жеткен жастарымыз біршама
Жас спортшыларымызды қолдау бойынша жұмыстарға септігімді тигізетін боламын. Атап айтсам, жұмыссыздықты азайту, жастардың бағдарламаларын сапалы іске асыру және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану;
5. Әлеуметтік осал топтардың, көп балалы отбасылардың материалдық жағдайларын көтеру
Бұл туралы қоғамдық бастамаларды көтеремін. Бұл ретте мекемелермен тығыз байланыста боламын.
Қадірлі сайлаушылар!
Туған жердің болашағы – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Ауданымыздың өркендеуі үшін әр азаматтың пікірі ескеріліп, әрбір пайдалы бастамаға қолдау көрсетілуі қажет. Біз бірлесе әрекет еткенде ғана алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз.
Менің мақсатым – құр уәде беру емес, елмен бірге еңбек етіп, нақты істердің жүзеге асуына үлес қосу. Жастардың жігерін қолдап, мұқтаж жандарға демеу болып, ауылдардың дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына қызмет ету.
Туған жерге қызмет ету – мен үшін абыройлы міндет! Бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!
Тапсырыс беруші: №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Сарысу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Балғабай Б.Б.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.