Сот актісінің заңды күшіне енуі – сот төрелігінің соңғы кезеңі емес. Ең маңыздысы – қабылданған шешімнің нақты орындалуы және азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарының қалпына келтірілуі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі – ӘРПК) сәйкес, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны орындау үшін жауапкерге жіберіледі. Жауапкер сот шешімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде орындауға және бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті.
Әкімшілік істер бойынша жауапкер ретінде көбіне мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қатысады. Сондықтан сот актісін орындау – мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтау міндетінің маңызды бөлігі.
Сот шешімін орындау кезінде оның талаптарын формалды түрде орындау жеткіліксіз. Жауапкер сот актісінің мазмұны мен құқықтық мәнін ескеріп, талап қоюшының бұзылған құқығын нақты қалпына келтіруге тиіс.
Сот актісі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, ӘРПК-де көзделген шаралар, оның ішінде ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін. Бұл шаралар сот шешімінің уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың өз шешімінің орындалуына бақылау жасау мүмкіндігі көзделген. Мұндай бақылау азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға және сот актісінің қағаз жүзінде ғана қалып қоймауына мүмкіндік береді.
Сот актілерін орындау – құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Сот шешімінің нақты орындалуы ғана азаматтың бұзылған құқығын толық қалпына келтіруге және сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Б.Әділхан,
Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік соты әкімшісінің бас маманы,
сот отырысының хатшысы