Аналар күніне арналған айрықша байқау - arainews.kz

Аналар күніне арналған айрықша байқау

10

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Аналар күніне орай «Жүрек көзімен көретін ана» атты инклюзивті байқау өтті. Аталған шараның басты мақсаты – көру қабілеті шектеулі аналардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың өмірге деген құштарлығын, шығармашылық қабілеттерін және аналық мейірімін көпшілікке таныту болды. Кеш Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ұйымдастырылып, ерекше жандарға құрмет пен қолдау көрсетуді көздеген тағылымды басқосуға айналды. Іс-шара барысында қатысушы аналар өздерінің өнерін, тапқырлығын, өмірлік ұстанымдарын ортаға салып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Инклюзивті кеш төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Мен – бақытты анамын» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасы, ана бақыты және өмірлік көзқарастары жайлы жүрекжарды әңгімелерімен бөлісті. «Ананың қолы бәрін еске алады» атты тактильді кезеңде аналар сипап сезу арқылы түрлі заттарды анықтап, сезімталдық пен зеректіктерін көрсетті. Ал «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде ән айтып, өлең оқып, шығармашылық қырларын паш етті. Соңғы «Сипап айтылған бесік жыры» кезеңінде ұлттық нақыштағы бесік жырларын орындап, ана жүрегінің мейірімі мен қазақы тәрбиенің құндылығын дәріптеді. Байқауға қатысқан аналардың әрқайсысы өмірге деген жігерімен, өнерімен және төзімділігімен көпшілікке үлгі болды. Қатысушылар арасында Байзақ,Меркі,Жамбыл аудандарынан және Тараз қаласынан келген оқырмандарымыз өз бақтарын сынады.Кеш барысында әндер орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Сонымен қатар қатысушылардың өнерін арнайы қазылар алқасы бағалап, байқау қорытындысы бойынша түрлі номинациялар табысталды. Атап айтқанда «Ең сезімтал ана» Оңғарбаева Қолқанат l- топ көз мүгедегі, Тараз қаласы,«Ең өнерлі ана» Тайшыбекова Қарлыға Саяқбайқызы ll-топ көз мүгедегі,Байзақ ауданы «Ең шебер ана» Шөпшекова Құралай Бекболатқызы l-топ көз мүгедегі және Жамбыл ауданы және «Көрермен көзайымы» Төлебаева Камила l-топ көз мүгедегі Меркі ауданы.Келген әр қатысушылардың арасынан жеңімпаздар анықталып, дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Аталған мәдени шара ерекше жандардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп қана қоймай, инклюзивті мәдениеттің дамуына, адамгершілік пен рухани құндылықтардың артуына зор үлес қосты. «Жүрек көзімен көретін ана» кеші ананың мейірімі мен жүрек жылуы көзбен емес, жүрекпен сезілетінін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымы мол рухани кеш болды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.