Жастарға зиянды әдеттің зардабы түсіндірілді — arainews.kz

Жастарға зиянды әдеттің зардабы түсіндірілді

422

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жастардың денсаулығын зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Шараны Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университеттің еріктілері мен Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Оған 200-ден астам студент қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда кең таралып отырған вейптің зияны, оның құрамындағы улы заттар және адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы жастарға жан-жақты түсіндіру.

Жиында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкіл-тергеушілері Дарья Хе мен Жұлдыз Тұрдалиева баяндама жасап, электронды темекінің адам денсаулығына төндіретін қаупіне тоқталды. Мамандар вейп құрамындағы токсиндер мен химиялық қоспалардың зиянды әсерін түсіндіріп, оның салдары жөніндегі статистикалық деректерді ортаға салды.

Сонымен қатар департамент қызметкерлері вейп өнімдерін заңсыз айналымға енгізу және тарату әрекеттері үшін қарастырылған құқықтық жауапкершілік туралы ескертті.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға баулитын мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Comments are closed.