Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жеңіс» саябағында облыс әкімінің кубогы үшін КТК ойыны өтті.
Ойынның мақсаты жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру, көңілді тапқырлар сайысы арқылы мемлекеттік тілді насихаттау және әлеуетін көтеру болатын.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған жастардың сүйікті ойынын белгілі әзілкеш Арман Жаналиев жүргізді. Ал, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Айбек Таутен, «Залиний жігіттері» командасының капитаны Аят Төлепберген, «10 планета тұрғындары» командасының капитаны Мақпал Райымбек және «Тараз – 2000» командасының мүшесі Елдос Кадырханов ойынға қазылық етті.
Сайыс барысында қатысушы 8 команда 2 турда берілген тақырыптарға сай өз өнерлерін ортаға салып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізе білді. Ойынның алғашқы турында командалар қағытпа қалжыңдарымен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, бұл бөлімде кейбір командалардың әзілдері ұтымды шыққанымен, енді бірі дайындықтарының төмен деңгейде екендіктерін байқатып қойды. Ойынның екінші «Ширату» бөлімінде командаларға көрермендер тосыннан сұрақтар қойып, тұшымды әрі қызықты жауаптар алды. Жалпы, бұл сында жас әзілкештердің ойға шапшаңдығы мен қағытпа қалжыңға қаншалықты бейім екендігі сыналды.
Ойын жиналған көпшіліктің көңілінен шығып, әзілкештердің қалжыңына қарық болды. Әрі олар осындай кештер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілек жеткізуді де ұмыт қалдырмады.
– Жалпы, маған ойынның ашық аспан астында ұйымдастырылғаны қатты ұнады. КТК-ға арнайы келген көрермендерден бөлек, саябақта қыдырып жүрген көпшіліктің назарын аударғандығы ұйымдастырушылардың тапқырлығы болды. Өзіме сайыс ерекше ұнады, – дейді ТарМПУ-дың тәрбие бөлімінің маманы Ерғали Әбуғали.
Жарыс бар жерде жүйрік бар. Бұл жолғы ойынның нәтижесінде әдемі әзілдерімен көпшіліктің көңілінен шыққан Сарысу ауданының «Бауыржан ағайдың қонжықтары» командасы бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынға «Мәдениет жігіттері» ие болды. Ал, үздік үштікті «Еркін құрамасы» түйіндеді.
Жеңімпаз командалар ұйымдастырушылар тарапынан облыс әкімінің кубогы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұргүл Есмаханова