10 173 мұғалім кәсіби біліктілігін арттырған | arainews.kz

10 173 мұғалім кәсіби біліктілігін арттырған

208

Жаңа оқу жылы қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшылары журналистермен сұхбаттасты. Онда мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз болды.
Аталмыш филиал директоры орынбасарының міндетін атқарушы Жұлдыз Өскенбаеваның айтуынша, орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде педагог қызметкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатындағы курстар 2016-2020 жылдарға жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, «Өрлеу» орталығы 2016-2018 жылдар аралығында 16 бағдарлама бойынша облыстың 10 173 педагог қызметкерін курстан өткізіпті.
Біліктілікті арттыру тәжірибесіне өткен жылдан бері blended learning форматындағы жаңа курстар енгізіліпті. Сол форматпен 80 тыңдаушы оқытылған. Оның ішінде 50 педагог мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан болса, қалған 30-ы қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері. Бүгінгі уақыт ғылым, математика және технология, инженерия саласын меңгеруді талап етуде. Яғни, мұғалімдерге де «Робототехника» элективті курсы бойынша біліммен шыңдалу қажет деген сөз. Бұл бағытта да «Өрлеу» орталығы өткен жылдан бері информатика, физика, математика пәндерінің мұғалімдеріне «Робототехника негіздері» білім беру бағдарламасымен дәріс беріп келеді. Сонымен қатар, филиал тренерлері латын әліпбиіне байланысты да көптеген шаралар өткізіп, ұстаздарға мол мағлұмат беруде.

Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.