Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары аясында партияның партиялық тізімі бойынша ұсынылған кандидаттар Сұлтанов Нұрлан Темірбекұлы, Тоқбергенов Нұркен Досжанұлы, Дайрабаева Шолпан Еркетайқызы және Бекебаева Айман Кенжебекқызы Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында тұрғындармен кездесті. Жүздесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында кандидаттар тұрғындарға «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған нақты міндеттерге тоқталды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі басымдықтардың бірі – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін облыста 5 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 3 су қоймасын қайта жаңғырту және 442,6 шақырым суару арнасын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 120,9 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген. Бұл суару жүйелеріндегі су шығынын 50 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,2 мың жеңілдетілген микрокредит беруге, ал «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кемінде 500 кәсіпкерлік жобаны қолдауға басымдық берілген.
Өңірдің инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту да сайлауалды бағдарламаның маңызды бағыттарының қатарында. Алдағы жылдары 456,5 шақырым автожолды жаңарту, 1,2 мың шақырым су құбыры желісін қайта жаңғырту және 30 елді мекенді орталықтандырылған газбен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2031 жылға дейін 4,6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген.
Адами капиталды дамыту бағытында 4 370 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп салу, мектепке дейінгі ұйымдарда 8,4 мың жаңа орын ашу және 138 STEM-кабинетін жабдықтау міндеттері белгіленген. Денсаулық сақтау саласында 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамту және 215 медицина маманына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған.
Цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру аясында ауылдық елді мекендерге 37 жаңа базалық станция орнатып, интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар аудандық деңгейде 10 IT-хаб ашу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1 520 заманауи бейнебақылау камерасын орнату көзделген.
Кездесу барысында Құлан ауылының тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Кандидаттар көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Сонымен қатар айтылған ұсыныстар мен өтініштердің партия назарында болатынын атап өтті.
29 қарашада өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, «Әділет» кандидаттарына дауыс беріңіз!
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.
Comments are closed.