Өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындары: «Әділет» кандидаттары зауыт жұмысшыларымен кездесті — arainews.kz

Өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындары: «Әділет» кандидаттары зауыт жұмысшыларымен кездесті

16

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, отандық өндірісті қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру – Жамбыл облысының алдағы бес жылдағы экономикалық даму бағыттарының бірі. Бұл мәселелер «Әділет» партиясы кандидаттарының Тараз металл конструкциялары зауытының еңбек ұжымымен кездесуінде талқыланды.
Партияның Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынған кандидаттары Болатбек Уалихан Болатбекұлы, Данияр Асқарұлы, Жүнісова Фарида Амансарықызы және Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы кәсіпорынға арнайы барып, жұмысшылармен жүздесті. Кездесу барысында олар 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жоспарларды ортаға салды.

Өндіріс орындарының дамуы өңір экономикасының тұрақтылығына, халықты жұмыспен қамтуға және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Осыны ескере отырып, бағдарламада инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту және заманауи технологияларды енгізу міндеттері қамтылған.
Атап айтқанда, 2031 жылға дейін Жамбыл облысында 116 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Бұл бастамалар өндірістік инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, өңір тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де қозғалды. Өңірлік бағдарламада 2031 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 27,2 пайызға, орта кәсіпкерліктің үлесін 5,6 пайызға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кемінде 500 кәсіпкерлік жобасына қолдау көрсету көзделген. Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жобаларды іске асыруға және ауыл-аймақтардағы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.

Жүздесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы, кәсіби біліктілікті арттыру және өндірістегі еңбек мәдениеті жөніндегі мәселелерді көтерді. Кандидаттар ұжым мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бағдарламалық басымдықтар бойынша түсініктеме берді.
Өндіріс саласын дамыту тек жаңа кәсіпорындар ашумен шектелмейді. Бұл – жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының әлеуетін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау және еңбек адамының қоғамдағы орнын нығайту бағытындағы кешенді жұмыс.
Кездесу соңында партия кандидаттары еңбек ұжымын 29 қараша күні өтетін сайлауға қатысып, Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынылған «Әділет» партиясының кандидаттарына дауыс беруге шақырды.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының
баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында
партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің
сайлау қоры қаражатынан төленді.    

Comments are closed.