Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Еркебаева Айнұр Серікқызы
№1 бірмандаттық аудандық сайлау округі
Өмірбаян
Мен, Еркебаева Айнұр Серікқызы, 1981 жылы 21 наурызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары.
1995 жылы Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 9-сыныбын, 1997 жылы М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 11-сыныбын бітірдім. 2000 жылы Тараз жоғары медициналық колледжін «мейірбике» мамандығы бойынша аяқтадым.
Еңбек жолымды 2002 жылы Бірлесу-Еңбек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте акушер болып бастадым. 2007-2017 жылдары Астана қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында медбике, 2019-2021 жылдары «Мейірім» медициналық орталығында бас медбике болып қызмет еттім. Осы жылдар ішінде халық денсаулығын сақтау жолында жауапты міндеттерді абыроймен атқардым деп толық айта аламын. 2023 жылдың қарашасынан бастап жеке кәсіпкермін – «Лаваш Кинг» орталығы. Бүгінгі таңда кәсіп ашып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы өңірдің экономикасына өз үлесімді қосып келемін.
Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Ана бақыты мен отбасы құндылықтарын терең түсіне отырып, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге әрқашан бейжай қарамаймын.
Сайлауалды бағдарламасы
ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ – МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ!
Құрметті сайлаушылар!
Менің басты мақсатым – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей əсер ететін мəселелерді шешуге атсалысу, əлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жəне əрбір азамат үшін қолайлы əрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Өңірдің дамуы тек ірі жобалар мен экономикалық көрсеткіштер арқылы бағаланбайды. Ол ең алдымен, халықтың тұрмысынан, медициналық көмекке қолжетімділігінен, балалардың білім алу жағдайынан, көшелер мен аулалардың тазалығынан жəне тұрғындардың өз болашағына деген сенімінен көрінеді.
Алдағы уақытта сіздердің қолдауларыңызға ие болып жатсам Бірлесу-Еңбек, Шоқай, Рахат ауылдарының, Бәйтерек және Шанхай алаптарының өзекті мәселелерін көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етемін.
1. ӨНДІРІС АУЫЛ ДАМУЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТСІН!
Бірлесу-Еңбек ауылында ЖЖФЗ-мен әлеуметтік әріптестікті дамыту, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға ықпал ету.
2. СУ ӘДІЛ БӨЛІНСІН!
Шоқай мен Рахат ауылдарындағы ағынсу мәселесін көтеріп, шаруалардың суға қолжетімділігі мен әділ бөлінуіне ықпал ету.
3. ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ӘДІЛ БОЛСЫН!
Көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мәселесін бақылау.
4. ӘР АУЫЛҒА – САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ!
Бәйтерек пен Шанхайдағы жол, жарық, ауызсу және қоғамдық көлік мәселелерін көтеру. Шанхай алабындағы көшелерді жөндеу және асфальттау мәселесіне басымдық беру.
5. ҚАУІПСІЗ АУЫЛ – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛАР!
Барлық елді мекенде қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаңғыбас иттер мәселесін заң аясында жүйелі шешуге ықпал ету.
6. ХАЛЫҚҚА – АШЫҚ ЕСЕП!
Тұрғындармен тұрақты кездесіп, өтініштерін мәслихат деңгейінде көтеру және атқарылған жұмыс туралы есеп беру.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ!
Халықтың мәселесін тыңдау – міндетім, оның шешілуіне ықпал ету – жауапкершілігім.
Сіздің сеніміңіз – менің жауапкершілігім!
Тапсырыс беруші: Жамбыл аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебаева А.С.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары
есебінен төленді.
Comments are closed.