№9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Талас аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Тұрмаханбетов Ерлан Тұрысбекұлы
Өмірбаяным
Құрметті жерлестер!
Мен, Тұрмаханбетов Ерлан Тұрысбекұлы, 1992 жылғы 7 қыркүйекте Жамбыл облысы, Талас ауданы, Есейхан ауылында дүниеге келдім.
2010–2014 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, «Биология» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Білім беру бағдарламасын бакалавр дәрежесімен аяқтадым.
Еңбек жолымды 2014 жылы биология пәнінің мұғалімі қызметінен бастадым. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндетім санап келемін.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қаратау орта мектебі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Бұл қызметте білім беру үдерісіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу, оқу орнының цифрлық мүмкіндіктерін жетілдіру және білім сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізудемін.
Педагогикалық қызмет пен басқарушылық жұмысты қатар алып жүріп, кәсіби біліктілігімді үнемі жетілдіруге және білім саласындағы жаңашылдықтарды тәжірибеме енгізуге ұмтыламын.
Отбасылымын, бір қыз тәрбиелеп отырмын.
Сайлауалды бағдарлама
Қадірлі сайлаушылар!
Мен үшін туған жерге қызмет ету – азаматтық парыз. №9 сайлау округіне қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігіне бейжай қарамай, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, ортақ мәселелердің шешілуіне ықпал етуге ниеттімін. Әсіресе білім беру, балалардың жан-жақты дамуы, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік ортаны жақсарту бағыттарын басымдыққа аламын.
Осы мақсатта депутаттық қызметте төмендегі бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді көздеймін.
Білім сапасын арттыру – басты басымдық
Ауыл баласының сапалы білім алу мүмкіндігі қала оқушыларымен бірдей болуы керек. Осыған байланысты округ аумағындағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, пәндік кабинеттерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және зертханалық жұмыстарды өткізуге қажетті жағдай жасау мәселелерін көтеремін. Мектептердің оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізуіне, оқушылардың жаратылыстану бағытындағы пәндерге қызығушылығын арттыруға қолдау білдіремін. Дарынды балаларды анықтау, олардың ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадалар мен түрлі зияткерлік байқауларға қатысуына мүмкіндік туғызу да назарымда болады.
Цифрлық білім беру және ақпараттық технологиялар
Қазіргі заманда цифрлық сауаттылық – уақыт талабы. Білім беру ұйымдарында ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, интернет сапасын жақсарту және электронды білім ресурстарына қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстарды қолдаймын. Ауыл мектептеріндегі компьютерлік техниканы жаңарту, оқушылардың бағдарламалау, робототехника және цифрлық шығармашылық салаларына қызығушылығын арттыруға жағдай жасау қажет. Сонымен қатар мұғалімдердің цифрлық дағдыларын жетілдіруіне, жасанды интеллект пен заманауи білім беру құралдарын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін оқыту шараларын ұйымдастыруға ықпал етемін.
Ұстаз мәртебесі және педагогтерді қолдау
Білім сапасы мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен еңбек ету жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан педагогтердің кәсіби дамуына, біліктілігін арттыруына және тәжірибе алмасуына қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесін назарда ұстаймын. Жас мамандарды ауыл мектептеріне тарту, олардың кәсіби ортаға бейімделуіне қолдау көрсету және тәлімгерлік жүйесін дамыту маңызды. Мұғалімнің уақытын есепсіз құжат толтыруға емес, оқушымен жұмыс істеуге жұмсауына мүмкіндік беретін ұсыныстарды қолдаймын.
Балалардың қауіпсіздігі мен салауатты өмір салты
Әрбір баланың қауіпсіз ортада білім алып, алаңсыз өсуі – қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта мектептердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына, бейнебақылау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне және балалардың құқықтарын қорғау шараларына назар аударамын. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен әлімжеттілікке қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Сонымен бірге оқушыларды спортқа, өнерге және пайдалы үйірмелерге тарту арқылы олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етемін.
Жастардың әлеуетін арттыру және бастамаларын қолдау
Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді қозғаушы күші. Олардың білім алуына, мамандық таңдауына және қабілетін дамытуына жағдай жасау маңызды. Осы ретте кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жандандыруға, аудан жастарының сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және еңбек нарығына бейімделуіне қолдау білдіремін. Жастардың ғылыми, шығармашылық, спорттық және қоғамдық бастамаларын қолдап, ауыл жастарының аудандық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысуына мүмкіндік туғызуды көздеймін.
Тұрғындармен кері байланыс және ашықтық
Депутаттың жұмысы халықтың сенімімен және атқарылған нақты істерімен бағалануы тиіс. Сондықтан округ тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін назардан тыс қалдырмауды басты міндетім деп санаймын. Көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешілу барысын бақылауға күш саламын. Қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарға ашық ақпарат беріп отыруды маңызды деп есептеймін.
Менің мақсатым – депутаттық мандатты жеке мәртебе емес, елге қызмет етудің жауапты мүмкіндігі ретінде қабылдау. Білім мен тәрбиеге, жастардың болашағына және туған жердің дамуына бағытталған әрбір бастаманың жүзеге асуына өз үлесімді қосуға дайынмын.
Халықтың сенімі – үлкен аманат. Сол аманатқа адал болып, №9 сайлау округінің тұрғындарымен бірлесе жұмыс істеу, олардың мүддесін қорғау және ортақ мәселелердің оң шешімін табуына күш салу – басты ұстанымым.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.
Тапсырыс беруші: № 9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Талас аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрмаханбетов Е.Т.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.