«Әділет» партиясының сайлауалды керуені Жамбыл облысының алыс ауылдарына жетті — arainews.kz

«Әділет» партиясының сайлауалды керуені Жамбыл облысының алыс ауылдарына жетті

19

Жамбыл облысының шалғай ауылдарына дейін жеткен «Әділет» партиясының автобустар керуені тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін жинап жатыр. Екі апта бұрын Астанадан шыққан керуен осы уақытқа дейін бес мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. Өңірдегі сапар партия төрағасы Айбек Дәдебай жетекшілік ететін Республикалық сайлауалды штабтың жұмысымен қатар келді.
Көшпелі форматтың арқасында үгіт-насихат тобы дәстүрлі кездесулер сирек өтетін шалғай елдімекендерге дейін барды. Керуен мүшелері ауыл тұрғындарына «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, оларды толғандырған мәселелерін тыңдап, ұсыныстарын жазып алды.
Керуен сапары алдымен Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылына тоқтап, онда партия өкілдері «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жеке шаруашылығын дамытып отырған Қайрат пен Сая Дүйсеқұловтардың отбасымен кездесті. Бүгінде олар 14 бас ірі қара бағып, күніне шамамен 50 литр сүт сауып, өнімдерін жергілікті кооперативке өткізеді.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, осындай мемлекеттік қолдау ауыл жастарына туған жерде қалып, кәсіп бастауға жол ашып отыр.
«Ауылда да жақсы табыс табуға болады. Осы бағдарламаның арқасында біз сияқты жас отбасылар өз кәсібін бастап, тұрақты табыс тауып отыр. «Әділет» партиясының бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отырғаны қуантады. Сондықтан 23 тамызда отбасымызбен сайлауға барып, партияны қолдаймыз», – деді олар.
Одан кейін керуен басын тіреген ALI-KO SUT сүт өңдеу кооперативі де «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен ашылған. Қазір мұнда он адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маңайдағы ауылдардың екі жүзге жуық тұрғыны күн сайын сүтін осы кәсіпорынға өткізеді. Кооператив бір жағынан жаңа жұмыс орындарын ашса, екінші жағынан ауыл тұрғындарының өнімін тұрақты өткізетін орын.
Мұнда да ел арасында жиі айтылатын жұмыспен қамту, ауылдағы табыс көздерін көбейту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыға түсті.
«Ел халқының шамамен 37 пайызы ауылдық жерде тұрады. Дегенмен қала мен ауыл арасындағы табыс айырмашылығы әлі де сақталып келеді. Біз үшін адамның тек жұмыспен қамтылғаны емес, тұрақты табысқа ие болып, өз еңбегінің нәтижесін сезінуі маңызды. Сондықтан «Әділет» партиясы «Ауыл аманаты» жобасының аясын кеңейтіп, бір миллион ауыл тұрғынының табысын арттыруды мақсат етіп отыр», – деді партия өкілдері.
Жуалы ауданынан кейін керуен Нұрлыкент ауылына жол тартты. Мұнда кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, партия өкілдеріне тікелей сұрақтарын қойды. Әсіресе, азаматтардың қарыз жүктемесі кеңінен талқыланды. Партия өкілдері бұл мәселеде заң тұрғысынан ақпарат беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға заңды жолмен мәселені шешуге мүмкіндік беретінін кеңес қылды.
Сондай-ақ тұрғындарға «Қарызсыз қоғам» жобасының мүмкіндіктері таныстырылды. Жоба аясында азаматтарға қарыздарын реттеу бойынша тегін қаржылық және құқықтық кеңестер беріліп, жеке қаржыны тиімді басқару дағдылары үйретіледі.
Партияның пікірінше, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Осыған байланысты «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында «Қарызсыз қоғам» жобасын одан әрі дамыту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, несие беру жүйесінің ашықтығын арттыру және қиын жағдайға тап болған азаматтардың берешек мәселесін шешу тетіктерін жеңілдету ұсынылған. Жоба аясында бүгінде миллионнан астам адам қамтылған. Бұл жұмыс одан әрі жалғаспақ.
Әлеуметтік көмек жайын да қоса кеткен штаб мүшелері енді оның жаңа форматқа көшетінін еске салды.
«Бұл не үшін керек? Қазір белгілі бір категориялар бар, соған енген азаматтар осы көмекті ала алады. Бірақ, оған кірмейтін өздеріңіз сияқты қаншама адамға көмек беріліп жатқан жоқ, жетпей қалады. Олар нағыз мұқтаж адамдар. Сондықтан, біз көмекті категорияларға қарамай, нағыз мұқтаж жандарға береміз», – деді «Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері.
Айта кетейік, Республикалық сайдауалды штаб мүшелері бұған дейін еліміздің бірқатар облысында жергілікті жұршылықпен, еңбек ұжымдарымен, жастармен және басқа да қоғам өкілдерімен мағыналы басқосулар өткізген еді.

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.