Жамбылдағы жүздесу: «Әділет» білім беру жүйесін жаңғыртуға арналған бастамаларын ұсынды — arainews.kz

Жамбылдағы жүздесу: «Әділет» білім беру жүйесін жаңғыртуға арналған бастамаларын ұсынды

14

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту, педагог тапшылығын шешу және білім беру жүйесін цифрландыру – «Әділет» партиясының Жамбыл облысында таныстырылған негізгі бастамаларының бірі болды. Республикалық сайлауалды штаб өңір жұртшылығымен кездесіп, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасындағы білім саласына қатысты ұсыныстарын таныстырды.
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кездесуде білім саласының ардагері Жәмилә Бекбатырова шағын жинақты ауыл мектептеріндегі мұғалім тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл жағдай білім сапасына тікелей әсер етіп отыр.
Партия өкілдері білім саласындағы ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздікті азайту үшін инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа педагогтер даярлау және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажет екенін айтты. Себебі, бұл президент айқындаған басым міндеттер қатарынан саналады.

«Сайлауалды бағдарламада балабақшаларда 79 мың, мектептерде 300 мың жаңа орын ашу көзделген», – дейді депутаттыққа кандидат Динара Зәкиева.
Бағдарламада тірек ауыл мектептерінің желісін дамыту, Сәтбаев атындағы 60 инженерлік мектеп, IT-мектептер, Жәутіков атындағы математикалық мектептер және Абай атындағы гуманитарлық мектептер ашу көзделген.
Партия сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын кеңейтуді ұсынып отыр. Соның нәтижесінде ауылға барған жас педагогтерге қаладағы әріптестеріне қарағанда 25 пайызға жоғары еңбекақы төлеу тәжірибесі жалғасады.
Шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығын азайту үшін бірнеше сабақтас пәнді қатар оқыта алатын мұғалімдерді даярлау ұсынылған. Мысалы, физика мен информатиканы немесе биология мен химияны қатар оқыта алатын мұғалімдер даярлауға болады.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі цифрлық технологиялар екенін айтты.
«Сондықтан партиямыздың сайлауалды бағдарламасында жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізуге және оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, оқу бағдарламасына жасанды интеллект негіздері мен алгоритмдік ойлау дағдыларын енгізу ұсынылады», – деді ол.
Бұл тақырыпқа 5 шілдеде өткен ұлттық теледебат барысында Құрылтай кандидаты Рауан Кенжеханұлы да сөз арнаған еді. Ол мұғалімдердің бюрократиялық жүктемесін азайту үшін 160 мың педагогқа ChatGPT Edu сервисіне қолжетімділік берілгенін еске салған-ды.
Партия бағдарламасында барлық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамту және шалғай ауылдардағы спутниктік байланысты кеңейту де қарастырылған.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында тегін курстарды кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде бағдарламалау, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық кәсіпкерлік бойынша практикалық оқытуды күшейту, шалғай ауылдарды сапалы интернет және тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.