Чемпиондар ауылындағы жаңа серпіліс - arainews.kz

Чемпиондар ауылындағы жаңа серпіліс

5

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш ауылы тұрғындары көптен күткен маңызды нысан – жаңа спорт кешеніне қол жеткізді. Бүгінде ауыл жастарының салауатты өмір салтын қалыптастырып, чемпиондар тәрбиелеп отырған кешен ел игілігіне қызмет етуде.

Халық арасында «чемпиондар ордасы» аталып кеткен Бесағаш ауылы бұған дейін де талай мықты спортшыларымен танылған. Әсіресе қазақ күресі мен самбо бағытында әлемдік және азиялық додаларда топ жарған балуандар осы ауылдан шыққан. Алайда ұзақ жылдар бойы ауылда заманауи спорт кешенінің болмауы жергілікті тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелердің бірі болып келген еді.

Бұрын ауыл жастары жаттығу жасау үшін көрші Қарой ауылына немесе Тараз қаласына қатынап жүрген. Соған қарамастан, ауыл спортшылары халықаралық ареналарда жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын абыроймен қорғап келді.

2025 жылы бұл мәселе толық шешімін тапты. Нәтижесінде 5 мыңнан аса тұрғыны бар ауылда бір мезетте 150 адам спортпен шұғылдана алатын жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Бүгінде нысан ауыл жастарының басты рухани әрі спорттық орталығына айналып отыр.

Заманауи кешенде күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол секілді спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері – асық ату мен тоғызқұмалаққа да ерекше көңіл бөлінген. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес жаттығу залы да жұмыс істейді.

Қазір спорт кешенінде 250-ге жуық бала 7 спорт түрі бойынша тұрақты түрде жаттығады. Оларға 13 бапкер тәлім беруде. Айрықша атап өтерлігі – жаттықтырушылардың барлығы осы ауылдың азаматтары.

Спорт кешенінің директоры Данияр Абиловтың айтуынша, Бесағаш – спорт саңлақтарымен танылған ауыл.

 «Біздің ауылдан әлем және Азия чемпиондары шыққан. Кеңес заманында да дүние жүзінде топ жарған ағаларымыз болған. Соған қарамастан, ауылда заман талабына сай спорт нысаны болмаған еді. Енді, міне, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа спорт кешені ашылып отыр. Бұл – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік», – дейді спорт кешенінің директоры Данияр Абилов.

Жаңа кешеннің нақты нәтижелері де байқала бастады. Жыл басынан бері осы орталықта жаттығып жүрген 12 жас спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын иеленген. Жаттықтырушылар жыл соңына дейін республикалық және халықаралық жарыстарда жаңа спорт шеберлері шығатынына сенімді.

Осылайша жауырыны жер иіскемеген балуандарымен аты шыққан Бесағаш ауылында чемпиондық дәстүр жалғасып, жас таланттардың жаңа буыны қалыптасып келеді.

Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша 2023 жылдан бері «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 22 спорт нысаны салынып, 10 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы ашылған. Нәтижесінде өңір тұрғындарының спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 57,6 пайыздан 61 пайызға дейін артқан.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.