«Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінің үшінші маусымы жабылды | arainews.kz

«Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінің үшінші маусымы жабылды

2 251
Биыл жаз бойы 800-ге жуық жеткіншектің демалуына ықпал еткен облысымыздағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінің үшінші маусымы жабылды.
Лагерь биыл 3 маусым бойы үзіліссіз жұмыс істеді. «Қазфосфат» ЖШС биыл балаларға арналған барлық іс-шараларға 120 миллион теңге, яғни әр балаға 160 мың қаржы бөлген. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 балаға тегін жолдама жоспарланған еді, 4 бала қамтамасыз етілді.
– Көлемі жағынан үлкен, табиғаты көз тартатын «Жұлдыз» лагері ауасы таза, көгорай, әсем жерде орналасқан. Демалып жатқандардың жоғары тобында-40, кіші топтарында-20-30 баладан қамтылған. Бүгінде 7 мен 13 жас аралығында 9 топ бар. Үш маусымға қатысып, үздіксіз демалып жатқандар да жеткілікті. Мұнда демалушылар бес мезгіл дайындалатын ас мәзірінен дәм татып, түрлі ойын-сауық түрлеріне қатысады. Күнделікті кино көреді. Бассейнді де талапқа сай жаңғырттық. Балалардың әр күніне мереке сыйлап, естен кетпес көңілді кештерді ұйымдастыру біздің басты міндетіміз,— деді лагерь директоры Қарлыға Қанапина.
Мұнда өзара топ арасындағы байқаулар, би алаңы, сондай-ақ «Алло, мы ищем таланты», «Мисс, мистер – «Жұлдыз» және басқа да түрлі батл, конкурс, флешмоб, пати түрлері ұйымдастырылып, жеткіншектердің әр күнін көңілді өткізу мақсатында талантты балалардың өнері ортаға салынады. Одан бөлек, балалардың қызығушылығына қарай ағылшын, қытай тілдерімен қатар, сурет салу үйірмелері, шахмат пен түрлі спорт секциялары жұмыс істеп тұр.
– Мен бұл лагерьде алтыншы рет демалдым. Ұнайтыны – мұнда дос тауып, таза ауада демаласың. Көңілді тапқырлар ойыны өте қызықты өтеді. Би алаңына шығып, таланттылардың өнерін тамашалауға да мүмкіндік аласың. Әр мектептен келген замандастарыммен танысып, телефон алмасып, алдағы уақытта достығымызды нығайтып, тіпті бірге осы лагерьде маусым сайын кездесіп тұрамыз. Тамақтары өте дәмді. Өзіме жаз айын «Жұлдыз» лагерінде өткізу ерекше әрі қызықты, – деді Жомарт Асылханұлы.
Лагерьдің үшінші маусымының жабылуына орай өткен салтанатты кеш барысында «Қазфосфат» ЖШС-ның демеуішілігімен балаларға сый-сияпат табыс етілді. Одан бөлек, түрлі ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қызықты шоу бағдарлама көрсетіліп, ән шырқалып, биге де кезек берілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.