«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» Жамбыл облысы бойынша филиалы мемлекеттік қызметтерді жылдам және ыңғайлы түрде алу үшін бірнеше қызмет түрін ұсынады. Солардың бірі – «жеке менеджер» қызметі.
Жеке менеджер – қызмет алушыға басым кезек арқылы жеке қызмет көрсететін ХҚКО маманы. Қызмет іске қосылғаннан бері бұл мүмкіндікті облыстың 700-ден астам тұрғыны пайдаланған.
Айта кету керек, жеке менеджер қызметі жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да қолжетімді. Сервис туралы толық ақпаратты және талонды халыққа қызмет көрсету орталығының ресепшнінен алуға болады.
«Қызмет алушылар бұл сервисті жиі таңдайды, себебі қазіргі өмірдің қарқынды ырғағында уақытты үнемдеу өте маңызды. Жеке менеджер сервисі азаматтарға мәселелерін тез әрі ыңғайлы шешуге көмектеседі», – деп атап өтті Тараз қаласындағы №1 ХҚКО басшысы Шалхар Елемес.
Еске сала кетейік, басым кезек арқылы қызмет көрсетуден бөлек, қызмет алушылар жеке менеджерді үйге шақырта алады. Сонымен қатар, дайын құжаттарды тәулік бойы жұмыс істейтін постоматтар арқылы алуға немесе кез келген мекенжайға жеткізуге тапсырыс беруге болады.