Жамбыл облысы 2027 жылы толық газдандырылады | arainews.kz

Жамбыл облысы 2027 жылы толық газдандырылады

259

Елді мекендерді газбен қамту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл түйткілдің бір-екі жылда түбегейлі шешімін табуы да мүмкін емес. Алайда бір белгілісі, аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісінде ілгерілеушілік бар. Осылайша облыс елді мекендері 2027 жылға қарай толықтай орталықтандырылған газ желісіне қосылады.

Әрине, облыстағы газдандыру ісіндегі көңіл толарлық көрсеткіштерге қол жеткізу жергілікті биліктің қолдауы мен сала мамандарының тынымсыз еңбегіне байланысты екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газдандыру және өндірістік қауіпсіздік бөлімі басшысы Бақтыбай Қырықбаев биыл да көгілдір отынның бірқатар елді мекен тұрғындарының көз қуанышына айналатынын жеткізді.
– Салаға өткен жылы республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 344 миллион теңге қаржы бөлініп, мақсатты игерілді. Атап айтқанда Талас ауданының 5, Сарысу ауданының
4 елді мекеніне газ құбыры тартылды. Биыл аталған жұмысты өз мәресіне жеткізу үшін республикалық бюджеттен 198 миллион теңге, облыстық бюджеттен 22 миллион теңге бөлінді. Мұнан бөлек өткен жылы Сарысу ауданының Майлыкөл, Досбол, Әбділдә ауылдарына ауыл ішіне газ тартатын құбыр құрылысы жүргізілген болатын. Ал биыл Тоғызкентте 282 миллион 767 мың теңгеге ауыл ішінде газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде тоғызкенттіктер көгілдір отынға ағымдағы жылдың сәуір айында қол жеткізгелі отыр.
Былтыр Байзақ ауданындағы Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Тегістік ауылдарына газ тартылды. Биыл Байзақ ауданын газбен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 1 мил­лиард 365 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы аудандағы Үшбұлақ, Қайнар, Көкбастау, Жақаш, Қарасу, Көкөзек, Ақжар, Тегістік, Сарыбарақ, Шахан ауылдарын көгілдір отынға қосу мақсатына жұмсалмақ. Биыл газ құбыры аталған ауылдардың шекарасына дейін тартылады. Аудан әкімдігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар дайын болса, келесі жылы облыстық бюджеттен ауыл ішіндегі құбырларды жүргізуге қаржы қарастырылады. Сондай-ақ Меркі ауданындағы «Нововоскресеновка» автоматты газ реттеу стансасына жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Жамбыл ауданының
13 елді мекенін газдандыруды бастау үшін республика­лық бюджеттен 300 миллион теңге, облыс­тық бюджеттен 33,3 миллион теңге қаржы қарастырылды. Жуалы ауданының
15 елді мекенін газдандыру үшін республикалық бюджеттен 704 миллион теңге, облыстық бюджеттен осының 10 пайызы көлемінде қаржы қаралды. Сарысу ауданының елді мекендерін, Жаңатас қаласын газдандыру үшін «Шаян – «ЕвроХим» – Жаңатас» жоғары қысымды газ құбыры құрылысын бастау үшін 3 миллиард теңге бөлінді, – дейді Бақтыбай Әбубәкірұлы.
Басқарманың бөлім басшысы облысты көгілдір отынмен қамту саласында жос­пар­ланып отырған бірқатар ауқымды жобалармен де таныстырды. Мәселен, Қордай ауданында жаңа «Отар» автоматты газ реттеу стансасы салынып, таулы аймақта орналасқан елді мекендерге көгілдір отын жеткізу жұмысы жолға қойылады. Мұнан бөлек күні бүгінге дейін «Қордай» автоматты газ реттеу стансасы арқылы орталықтандырылған газ құбырына қосылу мүмкіндігіне ие болған Шу ауданында жаңа автоматты газ реттеу стансасы іске қосылады. Өз кезегінде халықаралық газ магистралінің «С» тармағынан бой көтеретін бұл құрылым Шу ауданын «Қордай» автоматты газ реттеу стансасына тәуелділіктен арылтып, Мойынқұм ауданын да газбен қамтуға жол ашпақ. Билікөлдің маңында 3 ауданның 9 елді мекенін көгілдір отынмен қамту мәселесінде де нақты жұмыстар қолға алынған. Елді мекендерді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Сондай-ақ дәл осы аймақтан «Билікөл» автоматты газ реттеу стансасының құрылысы жүргізілетін болады.
Облысты газдандыру саласында негізгі мәселе газ құбырын елді мекендерге дейін тартумен шектеліп қалмайды. Өйткені өңірде көшеден өтіп жатқан газ құбырына қосыла алмай отырған тұрғындар да бар. Себебі жеке тұтынушыларды газ желісіне қосу қызметінің құны қымбат. Соның салдарынан облыста газдандырылған 181 елді мекенде тұратын 88 мың халық орталықтандырылған газ торабына қосылмай қалған. Осы мәселеге баса назар аударған облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен жылы бағаны қоюда халықтың қалтасынан бұрын бас пайдасын ойлайтын мердігер компанияларға бәсекелес кәсіпорын қызметін жетілдіруді тапсырған.
– Облыс әкімінің дәл осы тапсырмасына сай «Жамбыл Жылу», «Теміржол Жылу» кәсіпорындарына газ құбырын жүргізуге 2 категориялы лицензия берілді. Бұл кәсіпорындар ұсынған қызмет құны
82 756 теңгені құрады. Өткен жылдың соңына дейін бұл мекемелермен 52 мың абонент орталықтандырылған газға қол жеткізді.
Осында көптің көкейінде жүрген бір мәселе бар. Ол ауыл ішінде құбыры жүргізілген газ желісіне жеке абоненттердің әртүрлі бағада қосылуына байланысты. Ал әлгінде дәл осы бағаны арзандату мақсатында құрылған кәсіпорындардың қызметін пайдалану үшін елді мекенге дейінгі және оның ішіндегі құбырлар мемлекет есебінен жүргізілген болуы керек. Демек, орталықтандырылған газ құбырына небәрі 82 756 теңге төлеп қосылу, құбыр тарту жұмыстары қазына қаржысы есебінен жүргізілген елді мекен тұрғындарына ғана қолжетімді.
Бірақ өкінішке орай, халықты орталық­тандырылған газ құбырына төмен бағада қосып келген кәсіпорынның бірі жаңа жылдың басынан жекеменшікке өтіп кетті. Ал енді бірі қайта құрылуда. Мұнан соң олардың бұрынғы жүйеде жұмыс істеуі екіталай. Сәйкесінше орталықтандырылған газ торабына қосыла алмай қалған 30 мыңдай абоненттің мәселесін реттеу аудан әкімдеріне жүктелді, – дейді Бақтыбай Әбубәкірұлы.
Шындығында, облыстағы газдандыру ісінің қарқын алғаны ең әуелі халық тұрмысы сапасының артуына негіз болмақ. Одан бөлек жыл сайын тонна-тонна көмір жағып қыстан шығу қарапайым халықтың қалтасына салмақ салатыны жасырын емес. Қыс қаһарына мінген сәтте сол көмірдің өзі қат дүниеге айналып шығатыны тағы бар. Демек, елді мекендерді бір ғана көгілдір отынмен қамту мәселесінің шешімін табу ондағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық түйткілдердің түйінін тарқатары анық.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.