«Тектұрмас» кешені – Тараз тарихынан сыр шертеді | arainews.kz

«Тектұрмас» кешені – Тараз тарихынан сыр шертеді

180

Тарих тереңінен тамыр алатын, Шығыс шайырлары тамсана жырлаған Тараз қаласы сәт санап тотыдай таранып келеді десек, көне шаһардың жаңа шырайын қалыптастырып, арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Сол жұмыстардың жемісті нәтижелерінің бірі – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысанға арнайы барып, жұмыстармен танысты.
Талас өзені арқылы өтетін көпірден кешеннің кереметін көруге келетін қонақтар көп. Этнографиялық туризмді дамыту мақсатында салынған кешендегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі терең тарихи мазмұн беріп тұрғаны сөзсіз. Алыстан менмұндалаған Әулиеата ескерткіші де аңыздан сыр шертетін символикалық бейне ретінде көпшілік назарын аудартады.
Айталық, ғажайып архитектуралық шешімдермен сабақтаса отырып, Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
— «Көне Тараз» этномәдени кешені, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жұмыстары 2018 жылдан бері бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады. Жібек жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар… Осының бәрін біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспекпіз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең негізгісі әрине, болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осындай кешен арқылы да біз өткеніміз туралы олардың саналарына сіңіре аламыз,-деді Бердібек Сапарбаев.
Жалпы, «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1423 метрді құраса, қоршап тұратын қорғанның ұзындығы 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, көне түркі жазулары, петроглифтер салынған. Нысанның кіре берісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан.
— Біздің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулиеата жеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, ең біріншіден, өзіміздің жерлестерімізге, екіншіден, өзге өңірлерден келетін қонақтарға танытуымыз керек. Сондай-ақ, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Осыған орай біздің өңірімізде де көптеген жобалар жүзеге асуда. Мерейтой тек аста-төк шаралармен емес, тағылымы мол, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақыратын игі істермен ерекшеленуі маңызды. Мәселен біз былтырдан бастап, өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Ондағы мақсат – елді мекендерде тұратын жастардан бастап, ақсақалға дейін ұлтына қарамастан біріктіріп, сол ауылдардағы аз қамтылған көп балалы отбасыларға асарлатып үй салып беру. Өткен жылы біз 99 үй салдық. Биыл соны әрмен қарай жалғастырып, ең кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек дейміз,-деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, «Жомарт түлек» жобасының маңыздылығын тілге тиек етті. Бұл жоба өңірден шыққан табысты, танымал түлектерді түгендеп, туған өлкелерін көркейтуге, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуға шақыра отырып, олардың өмір жолдарын өскелең жастарға өнеге ретінде ұсыну мақсатына негізделген.
— Азаттықтың 30 жылдығына орай қолға алынған маңызды жобамыздың бірі ол — «Таразға тарту». Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамытуымыз керек. Тек қана оның тарихи емес, мәдениет жағынан да, көркемдік жағынан да өркендеуіне ден қоюымыз қажет. Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тарта отырып, аудандар мен басқармаларды және барша жерлестерді жұмылдырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндеуден өткізу, реттеу. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені тәуелсіздік мерекесіне дейін аяқталатын болады,-деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес соғылған «Қазақ халқына мың алғыс», «Біз біргеміз» монументтерінің мазмұны мен тағылымына тоқталып, Төрткүл керуен сарайын жа жандандыру керектігіне көңіл бөлді. Сондай-ақ, Таразды туризм орталығына айналдырудағы тарихи орындардың маңыздылығын баса айтып өтті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.