Тектіліктен тамыр тартқан тұжырым | arainews.kz

Тектіліктен тамыр тартқан тұжырым

224

Бабаларымыз азаттықты армандап, сол жолда басын бәйгеге тікті. Ат тұяғы тозып, құс қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы ұстап тұру үшін де ғасырлар бойы бес қаруын асынып, жорықта жүрді. Десек те, ұлт болып қалыптасуымыздың түпкі тамырында тек батырлық қана емес, ішкі-сыртқы дипломатиялық түсінік, әділ төрелік етіп, сөзге тоқтап, заңға бас ию мәдениеті де жатыр. Олай болса, XXI ғасырдың табалдырығынан аттаған кездегі күрделі мәселелерді оңтайлы шешу, осы тәуелсіздігімізден айырылып қалмау үшін еліміздің келешегін қамтамасыз ететін ұлттық ділімізді дәріптеу, рухани-мәдени құндылықтарымызды қайта түлету мәселесі маңызды да шешуші рөл атқарады. Ата-бабаларымыздың асқақ мұраттарын еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында негізгі бағыт ретінде үнемі атап көрсетіп отырады. Біз мұндай мақсаттарға өткеніміздің тарихи тәжірибесінен сабақ алып, оның қағидаттарын бойымызға сіңіре отырып жетеміз. Әрі оны ұрпақтар діліне ұялату да басты борышымыз болмақ.
Адам құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған қолданыстағы Конституциясында көрініс тауып, бекіген болатын. Ата Заңда мемлекеттің конституциялық идеялары ата-бабаларымыздың ұлы мұраттарын одан әрі жалғастырып, олар жасаған құқық жүйесінің қағидаттарын бастау етіп алған. Оны біз құнды құжаттың әділеттік, гуманизм, имандылық, еркіндік идеяларын арқау етіп алғанынан көре аламыз.
Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауында мемлекет дамуының өткенiмiзбен сабақтастырыла жүзеге асатыны айқын көрсетiлiп отыр. Өйткенi, «Өткенсiз бүгiн жоқ» дегендей, жарқын болашаққа басар қадамымызда тарих тағылымының ұстанымдарынан аттап өте алмасымыз анық. Қазiргi кезеңнiң иесi болып тұрған бүгiнгi ұрпақтың басты мiндетi – тарих қойнауына кетiп, ескерусiз-елеусiз қалған рухани-мәдени мұраларымызға көңiл аударып, олардың жетiстiктерiн бүгiнгi күн кәдесiне пайдалану, қоғам өмiрiнiң бұлжымас тiректерiне айналдыру. Бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстанның үшінші жаңғыруының басталғандығын байқатады. Осылайша, біз жаңа түлеудің бірнеше жолдарын айқындап алдық. Біздің бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Қазақ халқының дәстүрлi құқық жүйесiне қатысты институттары мен салалары тәуелсiздiкке ие болғалы ғана шындап зерттеле бастады. Академик Салық Зимановтың, оның жетекшiлiгiмен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Нұралы Өсерұлының «Тәуке ханның құқықтық заң ескерткiшi – «Жетi жарғы» жайлы зерттеу» атты ауқымды еңбек жазғанын ерекше айтып кетуіміз керек. 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» да басылып, оқырманға жол тартты. Онда әдет-ғұрпымызға сай көптеген материалдар топтастырылған.
Қазақ халқының дәстүрлi құқық жүйесiнде арнайы айтылмағанымен, тәртiптiң нақты ережелерi алуан түрлi сипатта кездеседi. Мысалы, «Иiлген басты қылыш кеспейдi», «Алдыңа келсе, әкеңнiң құнын кеш», «Өлімнен ұят күштi», «Бiр қойдан екi терi iрелмейдi», «Дау мұраты – бiту, қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы».
Тарихқа үңілсек, көшпелі қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерін, қылмыстық істерінің бәрін шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі болған. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы». Қасым хан жаңа мемлекетті басқару аясында «Әдет» пен «Ұлы Жасаққа» негізделген заңдар жинағын жасады. Бұл заң бес бөлімнен тұрды. Ал, Есім хан халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен танымал өзінің құқықтық ережесін бекітті. Қасым хан мен Есім ханның заңдар жинағы Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» орын алған. Тәуке хан тұсында Билер кеңесі Қазақ хандығының ең маңызды мемлекеттік құрамына айналды. Ұлы жүзде Төле би, Орта жүзде Қазыбек би, Кіші жүзде Әйтеке би төрелік етті. Тәуке хан билік құрған кезең қазақ тарихында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман атымен белгілі. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой дала көркі еді. Кедейлер болған емес. Халық оны Әз-Тәуке, яғни, даналардың данасы Тәуке деп атаған. Содан болар, Тәуке тұсында жазылған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Қазақ даласында XX ғасырдың басына дейін төрелік етіп келді.
1885 жылы мамыр айында Шар өзені бойында Орта жүз рулары бас қосқан жиын өтті. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуан ел бас қосқан бұл жиын 74 баптан тұратын «Ереже» қабылдады.
Шынында, ойлап қарасақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы – көп ғасырлық тарихы бар ұғым. Алғашқыда Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін және 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені, бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді.
Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 25 баптан тұрды. Ал, 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 173 баптан тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. 1995 жылғы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған қазіргі Конституция сол жылы 5 қыркүйекте өз күшіне енді.
Қалай десек те, Қазақ елінде құқықтық сауаттылық, барлық қатынасты заң шеңберінде реттеп, әділ төрелігін айтып отыру үрдісі кешегі Кеңес өкіметі кезінде ғана қалыптаса қалған жоқ. Ата Заңымыздың арғы, бергі тарихын ақтарсақ, құқықтық нормалардың жылдар бойы жүйеленіп, қолданысқа енгізілгенін аңғарамыз. Ендеше ғасырлар бойы қалыптасып, мемлекеттік жүйеміздің бұлжымас бөлігіне айналған Ата Заңымызды ардақтап, абыройын асқақтата берейік, ағайын!

Назира АСҚАРБЕКҚЫЗЫ,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің
«Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі,
заң ғылымдарының кандидаты

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.