Тараз қаласында тұңғыш рет тізе буындарын эндопротездеу операциясы жасалды. Оның әдіс-тәсілдерін оңтүстіккореялық хирургтер үйретіп, жергілікті дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасты.
Шеберлік сабағына облыстан 20 маман қатысып, арнайы сертификат берілді. Енді мұндай операция шалғай аудандарда да жасалуы мүмкін. Аурудың бұл түрі егде тартқан адамдар арасында жиі кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, облыста әрбір бесінші адам осы ауруға шалдыққан. Кальций жетіспеушілігі, артық салмақ тізе буындарының мұжылуына әкеп соғады. Сондай науқастың бірі – Нелля Ивасик. Зейнеткер 10 жыл бойы тізе ауруының азабын тартып келген. Шеберлік сабағы туралы естігенде ол: «Бірден келісе кеттім», – дейді.
– Аяғым мазалайтын. Соңғы кездері өздігімнен жүріп тұрудан қалдым. Дәрігерлерге сеніп, осындай тәуекелге бардым. Қазір жағдайым жақсы. Мамандар жақын арада «жүріп кетесің» деп отыр. Оңтүстіккореялық профессордың қатысуымен өткен шеберлік сабағы 3 күнге жалғасты. Осы уақыт аралығында 5 науқасқа операция жасалып, барлығы сәтті аяқталды. Жоғары технологиялық операцияның ерекшелігі, екі сүйектің біріккен жеріндегі буынның орнына «титан» материал салынады, – қала тұрғыны Нелля Ивасик.
– Операция кезінде қиындықтар болғанымен, барлығы сәтті өтті. Мұндағы адамдардың дене бітімі бізге қарағанда, айтарлықтай ірі келеді екен. Операция кезінде осы ерекшелік ескерілді. Дегенмен науқастар 10-15 күнде аяққа тұрулары тиіс. Енді жергілікті дәрігерлер жасай береді. Ол үшін сіздерде қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Дәрігерлер тез меңгеріп кетеді деп ойлаймын. Олар барлығын көзбен көрді, – дейді оңтүстіккореялық хирург Кван Гю Пак.
– Кесіп, тізе буынын ашады. Сол жерді тазалап, өзінің есептері бар. Сол бойынша есептеп, пластикалық титан қояды. Біздікілер өз бетінше жасай береді, – дейді №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев.
Бұған дейін науқастар Астана, Алматы қалаларына квота арқылы емделетін. Енді бұл операция облыс пен кейбір аудандарда да жасалуы мүмкін. Ол үшін шеберлік сабағына аудандық дәрігерлер де қатыстырылды. Шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу шаралары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта медициналық қызметкерлер Оңтүстік Кореяға барып, біліктіліктерін арттырып қайтпақ.