Таразда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі ашылды | arainews.kz

Таразда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі ашылды

477

Бүгін Елбасы «Тарихтың темірқазығы» деп баға берген киелі Жамбыл жері, Тараз төрінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Әлем сахнасындағы болашақтың премьерасын бірге тамашалауға һәм оны бірге жасауға, бірге орындауға бар мүмкіндікті жасаған Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің көрмесіне таң сәріден  облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдері, атқа мінер азаматтар, шаһар тұрғындары мен  жастар  жаппай жиналып, зор құрметпен тамашалады.

– Тәуелсіз тарихымыз көз алдымызда десек те ел дамуына, ел болашағына қатысты, тәуелсіздік жылдары халқымыздың жүріп өткен жолына қатысты қабылданған тарихи шешімдердің кейбірі көпшілікке белгілі болса, кейбірі белгісіз. Сондықтан да бүгінгі ашылғалы отырған көрме осы тұрғыдан сөз жоқ маңызды әрі қызықты. Көрме аты айтып тұрғандай Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасыны жолы, ең бастысы өзі кезінде айтқандағыдай «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ» деген ұстанымын айқындайтын жәдігерлер мен маңызды мәліметтерге толы. Осының бәрі тек көрмені тамашалап қою үшін ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздік жылдары өмірге келген жаңа ұрпақ жастарға тәлім тәрбие беруге де өз үлесін қосады. Бұл  тұрғыда да көрменің маңыздылығы зор. Сондықтан  біз Қазақстан Республикасы  Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының басшылары мен қызметкерлеріне осындай көрмені Әулиеата жеріне алып келіп, Жамбыл облысы жұртшылығымен таныстырып отырғанына үлкен алғысымызды айтамыз. Көрме жұмысына сәттілік тілейміз, — деді шараны құттықтау сөзімен ашып берген өңір басшысы Асқар Исабекұлы.

Қалай айтсақ та тәуелсіз қазақ тарихы Елбасымен тығыз байланысты. Жоба аясында алғаш рет жамбылдық жұртшылықтың назарына Елбасы кітапханасының архивтік, кітаптік және музейлік қорларының баға жетпес құндылықтары, әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы мен мәдени ағартушылық қызметтерінің ерекше түрлері ұсынылды. Бұл игі шараға Сарыарқа төсіндегі Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов:

– Сіздермен жүз жасаған Жамбыл атамыздың атын иеленген, ежелгі Әулиеата жерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанатында жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Үлкен рахмет сіздерге. Назарларыңызға көрменің осында келуі Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын атап өткім келеді. Әрине бұл кездейсоқтық емес. Себебі еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап тарихы терең Жамбыл өңірі әрқашан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарында болды. Елбасының қамқорлығын өңір халқы да жақсы сезінді. Және тек осы өңір ғана емес тұтас ұлтымыздың тарихында жіберілген әділетсіздіктерді қалпына келтіру мақсатында бабаларымыздың алдында парызын орындаған Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен жүзеге асырылған ірі тарихи оқиғаларға тоқталмай кетуге болмайды,-деп 1997 жылы Елбасының Әулиеатаға арнайы ат басын бұрып, көне Тараз атауын қайтарып бергенінен бастап, Ұлт Көшбасшысының Жамбыл жерінде болған әрбір сапары мен іргелі істерін кеңінен айтып өтті.

Орталық «Достық» алаңындағы негізгі ашылу салтанатынан кейін жиналғандар  облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің құнды жәдігерлерімен танысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел өмірі мен Елбасы жолынан шынайы сыр шертетін экспонаттарға арнайы шолу экскурсиясы ұйымдастырылды. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі әулиеата жерінде  қазан айының соңына дейін жалғасады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.