Елорда күні қарсаңында Тараз қаласында 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Шаһардағы «Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтерген 15 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Мердігер – «Бином» ЖШС.
Жаңа қоныс той иелерінің қатарында мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқалар бар.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты шараға арнайы қатысып, пәтер кілттерін табыстап, қуаныш иелерін құттықтады.
— Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. 30 мыңнан астам жамбылдық тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту маңызды. Сонымен қатар, біз тұрғын үй мәселесін шешу үшін жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пайдаланудамыз, барынша жан-жақты жұмыстар жүргізудеміз. «Асарлатып үй салу» жобасы шеңберінде жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Аталған жобамен өткен жылы ауылдастарының көмегімен 99 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 134 үйдің құрылысы басталып, біртіндеп пайдалануға берілуде. Өңірде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға, өз денсаулығына мұқият болуға шақырды және вакцинацияның толық курсы ғана инфекциядан сақтанудын жалғыз жолы екендігін жеткізді.
Сөз соңында Бердібек Сапарбаев жаңа қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтап, құт-береке, амандық тіледі.
Бұл күнді 14 жыл күткен көпбалалы ана, бірінші топтағы мүгедек Сағаткүл Кенжебекова өз қуанышымен бөлісті.
— Бүгін біз үшін өте ерекше күн. Себебі бұл күнде қаншама жыл күттік. Баспаналы болғанымызға қуаныштымын. Балаларға да жаңа аудан қатты ұнады. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз,- дейді ол.
Жаңа үйге ие болғандардың бірі алты баланың анасы жанар Әбітова да өз қунашын жасыра алмады.
— Қанша жыл пәтер жалдап өмір сүрдік. Енді міне, көптен күткен үйімізге қоныстанып жатырмыз. Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған,- дейді Г. Тастандиева.
Айта кету керек, Жамбыл облысында Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда. Айталық, ағымдағы жылы өңірде 4482 пәтерлі 76 тұрғын үй салынуда десек, жыл аяғына дейін 2 902 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Бес айда облыс бойынша 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген десек, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,8 пайызға артық. Жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланған.