Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов зымыран ұшыру кезінде болған апаттан кейін алынған экологиялық сынамалардың нәтижесі қалыпты деңгейде екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 11 қазанда Байқоңырда «Союз МС-10» зымыран-тасығышын ұшыру кезінде төтенше жағдай болған. «Союз МС-10» бортында ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг болған. Кейінірек олар аман-есен екені анықталған еді.
Осыған дейін министр Атамқұлов журналистерге зымыран-тасығыш құлаған топыраққа жүргізілген сараптаманың нәтижесінде де экологиялық ластанудың анықталмағанын хабарлаған еді.
«Экологиялық сынамалар қалыпты жағдайды көрсетті. Сараптамалар аяқталып қалды», — деді Атамқұлов журналистерге. Оның айтуынша, бүгінде айтарлықтай экологиялық ластану жоқ.
«Бірінші кезекте апат «Байқоңырда» болған жоқ. Бұл ұшыру кезіндегі штаттан тыс жағдай. Ғарыш айлағы өз орнында қаз-қалпында тұр. Онда барлығы тұрақты өтті, барлығы дұрыс. Бұл экологияға еш қауіп төндірмейді. Табиғатқа зияны жоқ», — деген еді осыған дейін министрліктің баспасөз қызметіндегілер.