Сағынтаев Астанадағы нөсер жайлы: 20 жыл бойы атүсті қарап келеміз | arainews.kz

Сағынтаев Астанадағы нөсер жайлы: 20 жыл бойы атүсті қарап келеміз

178

ҚР Премьер-Министрі соңғы күндері нөсер салдарына байланысты елорданың коммуналдық қызметтерінің жұмысын күшейтуді тапсырды, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі  inform.kz сайтына сілтеме жасап.

 Үкімет отырысы басталғанда күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламас бұрын Бақытжан Сағынтаев Астанада жауған нөсердің салдары туралы сөз қозғады. Ол атап өткендей, соңғы 1-2 күндері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар көшелер көлкіген судың астында қалған. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер және автокөлік иелері зардап шеккен.

«Қоғамдық көліктің де қозғалысы қиындап кетті. Бұл мәселе жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескертулер айтылған болатын. Қаладағы кәріз жүйесін түпкілікті шешу туралы тиісті тапсырмалар да берілген. Жалпы, қаладағы жағдайға толық жауап беретін ол — әкімдік. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Сол себептен, табиғаттың осындай тосын мінезіне дайын болу үшін, коммуналдық қызметтердің жұмысының тиімділігі үшін де әкімдік жауапты екенін естеріңізге саламын. Қала тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтердің нашар жұмысынан жапа шекпеуі қажет. Бізде Бауыржан Момышұлы даңғылы, Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшелерінің қиылысы, Бараев, Жастар шағынауданының су астында қалуы соңғы кезде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты», — деген Үкімет басшысы қала әкімі Әсет Исекешевке осы мәселе бойынша қысқаша жауап беруді сұрады.

Өз кезегінде Астана басшысы қаладағы кәріз жүйесінің жұмысын жақсарту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтып берді.

Әсет Исекешевтің жауабын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев Астанадағы автобустың ішіне су кіріп кеткен жағдайды еске салды.

«Бірінші кезекте су көлкитін көшелерде алдын ала жұмыстарды атқарып, тазалап қою қажет. Жұртшылықтың айтып отырғаны мәселесі — осы. Кәріз жүйелерін, су жиналатын құдықтарды да дер кезінде тазалау мәселелерін қолға алып, әр жауын жауған сайын су астында қалатын аймақтарда жағдай қайталанбас үшін кешенді шараларды дайындау керек. Өткен аптада сіз Астана қаласының бес жылдық кешенді жоспарының бағдарламасын айтып өттіңіз. Оны Елбасына да дайындадыңыз. Бірақ, соның ішінде осы жауын-шашыннан кейін болатын кәріздің жұмысына баса назар аудару керек. Асқар Ұзақбайұлы (Мамин — авт.), кешенді жоспарды Үкіметке шығарғанға дейін тағы да бір қарап шығыңыз. 20 жыл бойы бұл мәселеге атүсті қарап келдік десе де болады. Жауын өткеннен кейін бәрі де ұмытылып қалып жатыр», — деп түйді Үкімет басшысы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.