Жастарға лудоманияның зардабы түсіндірілді — arainews.kz

Жастарға лудоманияның зардабы түсіндірілді

6

Тараз қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы Тараз сервис және технология колледжімен бірлесіп «Лудомания – ғасыр дерті» тақырыбында профилактикалық кездесу ұйымдастырды. Құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған жиын жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруды мақсат етті.

Шарада жастарға құмар ойындардың зиянын түсіндіру, ойынға тәуелділіктің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру тақырыптары қозғалды.

Кездесуді Нұрзат Амангелді жүргізді. Жиынға Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері Жұлдыз Тұрдалиева, Ілияс Келес және жедел уәкіл,  тергеуші Дарья Хе қатысып, тақырып аясында ой қозғады.

Мамандар құмар ойындарға әуестенудің жастардың күнделікті өміріне, оқу үлгеріміне және отбасылық қарым-қатынасына кері әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылудың салдарына тоқталып, қаржылық шешімдерді саналы қабылдау мен әрбір әрекетке жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді.

Кездесу барысында жастарға құмар ойындардан аулақ болу, бос уақытты тиімді пайдалану және күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау жөнінде кеңестер берілді. Білім алу, еңбек ету, спортпен шұғылдану және жеке қабілеттерді дамыту ойынға тәуелділіктің алдын алудың маңызды жолдары ретінде атап өтілді.

Осындай профилактикалық шаралар жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, саналы таңдау жасауына ықпал етеді. Өйткені құмар ойынның жетегінде кетпей, уақыт пен мүмкіндікті пайдалы іске жұмсау – жарқын болашақтың маңызды алғышарты.

Comments are closed.